• Пн. Фев 16th, 2026
Популярные метки

САРЫАҒАШ: ЖІБЕК ЖОЛЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНЕ ҚАРАСТЫ БЕС ЕЛДІ МЕКЕН АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Автор:admin

Фев 11, 2026

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың аудан тұрғындарымен кездесуі Жібек жолы ауылдық округінде жалғасты. Кездесу барысында аудан басшысы 2025 жылы аудан көлемінде атқарылған әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық жұмыстардың нәтижесін баяндап, алдағы кезеңге жоспарланған жобаларға тоқталды.
Кездесу алдында аудан әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, әрбір сауалға заң аясында жауап берді. Мәселелердің шешу жолдары бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Жиын барысында аудандық мәслихат төрағасының міндетін уақытша атқарушы Шермат Ибрагимов мәслихаттың жыл бойы атқарған жұмыстары жөнінде баяндама жасап, қабылданған шешімдер мен алдағы міндеттерге тоқталды
Жібек жолы ауылдық округінде бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Жібек жолы елді мекенінде Абай, И.Қарақұлова, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, Базар жырау және Бейбітшілік көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Абай көшесінде балалар ойын алаңшасы салынып, пайдалануға берілді. Сарқырама және Қарабау елді мекендерінде кіші спорт және воркаут алаңдары орнатылып, тұрғындар игілігіне тапсырылды.
Жібек жолы, Зортөбе, Сарқырама, Жаңақұрылыс және Қарабау елді мекендерінде ішкі ауыз су жүйелерінің құрылысы жүргізіліп, нәтижесінде бес елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныстар негізінде бірқатар жұмыстарды іске асыру көзделуде. Жібек жолы елді мекенінде Ақбердиев көшесінің бойында орналасқан кіші футбол алаңын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Сонымен қатар, аталған көшенің бойына воркаут және балалар ойын алаңшасын салу жоспарлануда. Бұдан бөлек, Ұлан көшесінің 1,1 шақырым аумағында орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен қаржы қарастырылған.
Жаңатұрмыс елді мекенінде елді мекен аумағын кеңейту мақсатында бас жоспарға 4,2 гектар жер учаскесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, орталық Майлықожа көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының жарық шамдарын ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта аталған жоба бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Жоспарланған жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асыру Жібек жолы ауылдық округінің инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *