• Пн. Янв 26th, 2026
Популярные метки

САУРАН: САУРАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТЫҢДАДЫ

Автор:admin

Янв 9, 2026

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров азаматтардың жеке мәселелерін шешу мақсатында кезекті жеке қабылдау өткізді. Қабылдаудың басты мақсаты – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді тыңдап, оларды заң аясында шешу жолдарын қарастыру. Жеке қабылдау ашық әрі диалог форматында өтіп, оған аудан тұрғындары, сондай-ақ жауапты бөлімдердің өкілдері қатысты.
Қабылдау барысында аудан тұрғындары әлеуметтік, инфрақұрылымдық, денсаулық сақтау және жер қатынастарына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, қайтарымсыз грант қаржысының мақсатсыз пайдаланылуына байланысты туындаған дау, ауыл көшелерін жарықтандыру, мүгедектік рәсімдеу, сондай-ақ жер телімдерін рәсімдеу және олардың нысаналы мақсатын өзгерту мәселелері жан-жақты талқыланды. Жалпы қабылдауға 5 азамат қатысып, 6 мәселе қаралды.
Көтерілген мәселелердің басым бөлігі тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін бағыттарды қамтыды. Әрбір өтініш нақты мысалдар арқылы тыңдалып, тиісті сала басшылары тарапынан заңнама талаптарына сәйкес түсіндірмелер берілді. Бұл тәсіл тұрғындарға өз мәселелерінің назардан тыс қалмайтынына сенім ұялатып, билік пен халық арасындағы ашық байланысты нығайта түсті.
Атап айтқанда, Шорнақ ауылдық округінің Қосмезгіл елді мекеніндегі Ш.Уәлиханов көшесінің тұрғыны көше жарығының істен шығуына байланысты мәселе көтерді. Аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан жүргізілген тексеру нәтижесінде трансформаторда ақау анықталғаны және қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Сонымен қатар, жарық шамдары 15 қаңтарға дейін толық қосылатыны хабарланды. Бұл мәселе аудан әкімінің тікелей бақылауына алынды.
Сондай-ақ қабылдау барысында тұрғындар денсаулық жағдайына байланысты мүгедектік тағайындау тәртібі, жер телімін рәсімдеу, конкурс арқылы алынған жердің басқа тұлғаға тіркелуі, жердің нысаналық мақсатын өзгерту сынды мәселелерді көтерді. Әрбір өтініш бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, заң талаптарына сәйкес қарау қажеттігі атап өтілді.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жеке қабылдауда көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын айтып, тұрғындардың өтініштері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен қаралатынын жеткізді. «Халықпен тікелей байланыс – жұмысымыздың басты бағыты. Әрбір азаматтың мәселесі жеке бақылауымда болады. Заң аясында шешілуі мүмкін барлық сұрақтар бойынша нақты шаралар қабылданады», – деді аудан әкімі.
Мұндай жеке қабылдаулар халық үніне құлақ асатын мемлекеттің нақты көрінісі болып табылады. Азаматтар өз мәселесін тікелей жеткізу арқылы шешім қабылдау процесіне қатысып, мемлекеттік органдардың қызметіне деген сенімін арттыра алады. Ал билік өкілдері тұрғындардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, тиімді әрі дер кезінде шешім қабылдауға мүмкіндік алады.
Сауран ауданында өткізілген бұл қабылдау билік пен халық арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға бағытталған нақты қадам болды. Жеке қабылдаулардың жүйелі түрде ұйымдастырылуы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге және мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *