• Пн. Янв 26th, 2026
Популярные метки

ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ ҚЫРЫҚБАЕВ ТЕМІР БАЗАРБАЙҰЛЫ ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ

Автор:admin

Янв 8, 2026

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Темір Базарбайұлы Қырықбаев жұмыс сапарымен Қазығұрт ауданына келіп, бірқатар білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдени-тарихи және өндірістік нысандарды аралады. Сондай-ақ аудан тұрғындарымен кездесіп, ашық форматта пікір алмасты.
Іссапардың негізгі мақсаты – өңірде жүзеге асып жатқан әлеуметтік маңызы бар жобалардың орындалу барысымен танысу, халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді дер кезінде анықтау және тікелей тыңдау болды. Мәжіліс депутаты сапар барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын зерттеп, мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейде іске асырылуын бақылап, нақты ұсыныстар мен шешімдер қабылдауға мүмкіндік алды.
Сапар барысында Темір Базарбайұлы «AMANAT» партиясы Қазығұрт аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаевпен бірге аудан әкімі Азизхан Исмаилов, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Аширов, партияның аудандық филиалының төрағасы Есімхан Исақұлов, мәслихат депутаттары, сала басшылары мен ауыл округі әкімдері қатысты. Бұл қабылдау форматында тұрғындар өзекті мәселелерін ашық жеткізіп, шешімін іздеуге мүмкіндік алды.
Кездесу кезінде аудан тұрғындары білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік инфрақұрылым мәселелерін көтерді. Олар мектептер мен денсаулық сақтау нысандарының құрылысы мен жөндеу жұмыстары, ауыз су, газ және интернет сапасы, балаларға арналған спорт және ойын алаңшаларының жетіспеушілігі сияқты өзекті проблемаларды атап өтті. Сонымен қатар азаматтар ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту, жол инфрақұрылымын жақсарту, каналдарды тазалау, су өткізу жүйелерін жаңарту, әлеуметтік төлемдер мен қолдауларды уақытында алу мәселелерін көтерді.
Қабылдау барысында Темір Базарбайұлы әрбір азаматтың өтініш-тілегін мұқият тыңдап, жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді. Ал республикалық деңгейде шешілуі тиіс мәселелер депутаттық сауал арқылы тиісті министрліктерге жолданатынын атап өтті. Бұл тәсіл азаматтардың көтерген мәселелерін заң аясында қарастырып, жылдам әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Шарбұлақ ауылдық округіне қарасты Ақбастау елді мекенінде жаңадан пайдалануға берілген «Ақбастау» фельдшерлік-акушерлік пунктінің жұмысымен танысты. Мұнда медициналық қызметтердің сапасы, халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі және заманауи құрал-жабдықтардың болуы тексерілді. Сонымен қатар депутат «Шарбұлақ» спорт кешенінің қызметімен және «Жол картасы» бағдарламасы аясында салынып жатқан 300 орындық «Шарбұлақ» жалпы орта мектебінің құрылыс барысын қарап, құрылыс сапасы мен инфрақұрылымдық стандарттарға сәйкестігін бағалады.
Өз сөзінде Темір Қырықбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау саласын дамыту, бұқаралық спортты қолдау, білім беру сапасын арттыру және ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмалары аудан көлемінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті. Депутат атқарылып жатқан жұмыстардың тұрғындар өміріне тікелей әсерін қамтамасыз ететінін айтты.
Бұдан бөлек, халық қалаулысы аудан ардагерлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында ел дамуы жолындағы бірлескен жұмыстар, әлеуметтік саясат, қоғамдық тұрақтылық және жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселелері талқыланды. Ардагерлер аудан өміріндегі өзекті проблемаларды атап, олардың шешілу жолдары бойынша ұсыныстарын білдірді.
Сапар аясында Темір Қырықбаев Қақпақ ауылдық округінде орналасқан «Қарқын 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициялық құны 4,1 млрд теңгені құрайтын 5 000 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңының құрылысымен танысты. Бұл жобаның іске асырылуы ауданның агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Сонымен қатар депутат Қазығұрт асуында орналасқан «Нұх пайғамбар кемесі» мемориалдық кешенін барып көріп, туристік әлеует пен мәдени-тарихи жобаларды дамыту перспективалары жөнінде ұсыныстар айтты.
Жалпы, Мәжіліс депутатының Қазығұрт ауданына жасаған жұмыс сапары тұрғындармен тікелей әрі ашық диалог орнатуға, инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың орындалуын бақылауға, сондай-ақ «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталды. Сапар қорытындысы бойынша Темір Қырықбаев барлық көтерілген мәселелердің бақылауға алынатынын, тиісті жұмыстардың мерзімінде жүзеге асырылатынын және аудан тұрғындарына шешімдер туралы ақпарат ашық жеткізілетінін жеткізді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *