Түркістан облысында медицина саласын дамыту, заманауи технологияларды қолдану арқылы тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Осыған орай, Ордабасы ауданы, Қараспан ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылып, халық игілігіне берілді.
Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Өз сөзінде әкім әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасатынын атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау саласында нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Біздің басты мақсатымыз – әрбір тұрғынның сапалы медициналық қызметке қол жеткізуін қамтамасыз ету», – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Жаңа нысан 2024 жылдың қараша айында «Лидер Строй» ЖШС арқылы салынды. Амбулатория Түркістан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Ордабасы орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК теңгеріміне берілді. Құны – 201 млн теңге, ғимарат жалпы ауданы 376,9 шаршы метр, ал аумағы 0,25 гектар. Мұнда 52 медицина қызметкері жұмыс істейді.
Дәрігерлік амбулатория заманауи талаптарға сай жабдықталған. Ол тіс дәрігері, акушер-гинекология, физиотерапия, дені сау бала бөлмесі, күндізгі ем алу бөлмесі, тегін дәрі-дәрмек беру орны, педиатр, психолог және әлеуметтік қызметкерлерге арналған кабинеттерді қамтиды. Бір мезгілде 100 адамды қабылдай алады. Амбулатория Қараспан ауылдық округіндегі 14 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді.
Облыстағы денсаулық сақтау саласының жалпы жағдайы да жақсартылуда. Қазір облыста 219 медициналық мекеме жұмыс істейді, ауылдық жерлерде 73 нысанға қажеттілік бар. Биыл жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа медициналық ғимарат салынды. Үш аудандық орталық аурухана күрделі жөндеуден өтуде. Алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру үшін 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7 пайызға жетті.
Жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуы ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, сапалы және уақытылы көмек алуына мүмкіндік береді. Бұл шара өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындардың денсаулығын қорғауға және мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
