Салтанатты рәсімде облыс әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, денсаулық сақтау саласы ел дамуының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. «Құрметті сарыағаштықтар! Сіздерді жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Биыл өздеріңізбен кездесу барысында Нұрлы жол ауылында медициналық нысан салу мәселесін көтерген болатынсыздар. Мінеки, ол шешімін тауып отыр. Алдағы уақытта да ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту жұмысы жалғасады», — деді облыс басшысы. Сондай-ақ ол өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында бірқатар жаңа медициналық мекемелердің бой көтеріп жатқанын, шалғай елді мекендерге дейін сапалы қызметтің қолжетімділігін арттыру мәселесінің әрдайым назарда екенін жеткізді.
Ауыл биі Әділхан Андасов өз сөзінде жаңа нысанның салынуы тұрғындар үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті. Ол елді мекен тұрғындары атынан алғыс айтып, амбулаторияның халықтың денсаулығын сақтауда маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Сонымен қатар, жаңа нысанның ашылуы жергілікті тұрғындардың медициналық қызметке қол жеткізуін жеңілдетіп, ауылдағы өмір сапасын айтарлықтай арттыратынын айтты.
Жаңа дәрігерлік амбулатория 0,10 гектар аумақта орналасқан және 2025 жылдың мамыр айында құрылысы басталған. Қазіргі таңда нысан заманауи талаптарға сай салынып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Амбулаторияда жергілікті халыққа алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге барлық жағдай қарастырылған. Бір мезетте 25 адамды қабылдай алатын нысан дәрігерлерге де ыңғайлы, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда дәрігерлік қабылдау бөлмелері, манипуляциялық, вакцина бөлмесі, тіркеу және қабылдау залдары бар, сондай-ақ күту аймағы мен санитарлық-гигиеналық нысандар қамтамасыз етілген.
Ашылу салтанаты барысында аудан әкімі Арман Абдуллаев жаңа медициналық нысанның ауыл тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтті. «Бүгінгі таңда ауылдық елді мекендерде медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі басты назарда. Жаңа амбулатория тұрғындардың денсаулығын сақтауға, уақытылы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл — халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам», — деді ол.
Жиында Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері де сөз сөйлеп, өңірдегі медициналық инфрақұрылымды дамыту, жаңа нысандардың ашылуы және алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Биыл өңірде жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа медициналық ғимарат салынатын болса, 3 аудандық орталық аурухана күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жаңартылуда. Сонымен қатар, алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жаңа жедел жәрдем көлігі сатып алынған. Медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіш халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуде маңызды фактор болып табылады.
Нұрлы жолдағы жаңа амбулаторияның ашылуы ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету үшін барлық заманауи жағдайларды қамтамасыз етеді. Мұнда тәжірибелі дәрігерлер мен мейірбикелер жұмыс істейді. Амбулатория халыққа тегін және қолжетімді медициналық қызмет көрсету қағидатына негізделген. Бұл — халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру, аурулардың алдын алу және тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеру бағытындағы маңызды бастама.
Жаңа медициналық нысан жергілікті тұрғындардың ғана емес, сонымен қатар ауданға келген қонақтар мен уақытша тұратын адамдар үшін де қолжетімді. Амбулаторияда медициналық кеңестер, профилактикалық тексерулер және вакцинация жүргізіледі. Бұл әсіресе балалар мен қарт тұрғындар үшін өте маңызды, себебі олар алғашқы медициналық көмекті уақытылы ала алады.
Айта кетсек, Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту – өңірдің басым бағыттарының бірі. Жаңа нысандар тұрғындардың сапалы медициналық қызметке қол жеткізуін қамтамасыз етіп, ауылдағы өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай нысандардың ашылуы — облыс тұрғындарының денсаулығына деген мемлекеттік қамқорлықтың айқын көрінісі.
Нұрлы жол елді мекенінде ашылған дәрігерлік амбулатория ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, алғашқы медициналық көмекті уақытылы көрсетуге және өңірдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды әлеуметтік нысан болып отыр. Амбулаторияның жұмысы халықтың денсаулығын сақтау және аурулардың алдын алу бағытында тиімді қадам ретінде бағаланады.
