Арыс қаласында теміржол саласының дамуына үлес қосып жүрген үздік мамандарды ұлықтауға арналған «Үздік маман–2025» мерекелік байқауы өтті. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында ұйымдастырылған бұл тағылымды шара теміржолшылар еңбегінің маңызын арттыруды, кәсіби шеберлікті насихаттауды және еңбек адамына деген құрметті нығайтуды көздеді. Байқау «ҚТЖ» Ұлттық компаниясы АҚ филиалы – «Шымкент магистральдық желі бөлімшесі» еңбеккерлерінің қатысуымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Теміржол – ел экономикасының күретамыры. Арыс қаласының қалыптасуы мен дамуы да осы саламен тығыз байланысты. Қала тұрғындарының басым бөлігі теміржол саласында еңбек етіп, ел игілігі үшін тынымсыз қызмет атқарып келеді. Сондықтан теміржолшы мамандығы әрдайым ерекше құрметке ие. Мерекелік жиынға қатысқан қала әкімі Қайсар Маңқараев өз сөзінде теміржолшылардың еңбегі қандай жағдайда да жоғары бағалануы тиіс екенін атап өтіп, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы орны мен рөлін айрықша атап өтті.
Іс-шара барысында «Шымкент магистральдық желі бөлімшесі» директорының бірінші орынбасары Жомарт Мырзабеков пен Шымкент кәсіподақ филиалының төрайымы Нағима Салықбаева да қатысушыларды құттықтап, байқаудың маңыздылығына тоқталды. Олар теміржол саласындағы жұмысшылардың кәсіби білімі мен тәжірибесі елдің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуы үшін аса қажет екенін жеткізді.
Мерекелік шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, сала ардагерлеріне және қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан теміржолшыларға құрмет көрсетілді. Бір минуттық үнсіздік арқылы олардың еңбегі мен ерлігі еске алынды. Бұл сәт жиынға жиналған көпшілікке терең ой салып, теміржол саласының жауапкершілігі жоғары, күрделі сала екенін тағы бір мәрте сезіндірді.
Байқау екі кезең бойынша өтті. Алғашқы кезеңде қатысушылар теориялық білімдерін тестілеу арқылы дәлелдеді. Бұл кезеңде теміржол саласына қатысты қауіпсіздік талаптары, техникалық нормалар мен кәсіби білім деңгейі бағаланды. Екінші кезеңде практикалық тапсырмалар орындалып, қатысушылар нақты жұмыс жағдайындағы шеберліктерін көрсетті. Сарапшылар алқасы әрбір қатысушының дайындығына, жауапкершілігіне және кәсіби дағдыларына жан-жақты баға берді.
Нәтижесінде бірнеше номинация бойынша үздіктер анықталды. Жол шаруашылығы бойынша «Үздік жол жөндеуші», байланыс саласы бойынша «Үздік байланысшы», электрмен жабдықтау бағыты бойынша «Үздік энергетик», арнайы өздігінен жүретін құрам машинистері арасында «Үздік машинист», қалпына келтіру пойызы бойынша үздік маман, өрт сөндіру пойыздары бойынша «Үздік өрт сөндіруші» және «Үздік вокзал қызметкері» аталымдары иелерін тапты. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен қаржылай сертификаттар табысталды.
Сонымен қатар өз қызметінде жоғары жауапкершілік танытып, теміржол саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар мамандарға Арыс қаласы әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды. Бұл марапаттар еңбек адамын ынталандырып қана қоймай, жастарды жұмысшы мамандықтарына тартуға, кәсіби бағыт таңдауға оң ықпал етеді.
Іс-шара барысында қатысушылар арасында тәжірибе алмасу, кәсіби пікір алмасу алаңы да қалыптасты. Теміржол саласының болашағы, кадр даярлау, еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік қолдау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Ұйымдастырушылар мұндай байқаулардың алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасатынын, бұл бастамалар жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, қоғамда еңбекке деген құрметті күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
Мерекелік кеш патриоттық рухтағы концерттік бағдарламамен жалғасып, өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың орындауындағы әндер көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл кеш теміржолшылар үшін кәсіби мерекеге айналып, олардың еңбегінің еленіп, бағаланатынын айқын көрсетті. Осындай тағылымды шаралар арқылы еңбек адамының мәртебесі артып, ел дамуына үлес қосып жүрген қарапайым жұмысшылардың еңбегі лайықты деңгейде дәріптеліп келеді.
