Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде «Жыл көшбасшылары» жобасы аясында ұйымдастырылған «Үздік жастар премиясы – 2025» байқауының салтанатты марапаттау кеші өтті. Бұл шара Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткізілді және өңір жастарының қоғам өміріндегі белсенділігін, еңбегі мен жетістігін бағалауға бағытталды.
Салтанатты кешке облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Серікұлы, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Нұралыұлы, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, жастар ұйымдарының мүшелері мен белсенді жас көшбасшылар қатысты. Шара барысында жастардың ел дамуына қосып жүрген үлесі, олардың білім, медицина, спорт, кәсіпкерлік, мәдениет, құқық қорғау және ақпарат салаларындағы табысты жұмыстары кеңінен сөз болды.
Болат Серікұлы өз сөзінде мемлекет тарапынан жастарды қолдау – стратегиялық маңызы бар бағыт екенін атап өтіп, Түркістан облысында жастар саясатын жүзеге асыруда жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Оның айтуынша, бүгінгі марапат – тек жетістікке жеткен жастарды ынталандыру ғана емес, сонымен қатар өзгелерге үлгі болатын жас буынды қалыптастырудың нақты көрінісі. Ал Ернар Нұралыұлы өңір жастарының бастамашылдығы мен жауапкершілігі артып келе жатқанын айтып, «Үздік жастар премиясы» алдағы жылдары да дәстүрлі түрде жалғасын табатынын жеткізді.
Байқау аясында түрлі салада үздік нәтиже көрсеткен жастар бірнеше номинация бойынша марапатталды. «Үздік жас мұғалім» номинациясы бәйдібектік Әбдікәрім Андасұлы мен сарыағаштық Дәуренбек Миатұлына табысталды. Олар жас ұрпаққа сапалы білім беріп қана қоймай, тәрбиелік бағыттағы жұмыстарға да белсенді атсалысып келеді. «Үздік жас дәрігер» аталымында шардаралық Бексейіт Қанатұлы мен бәйдібектік Лаура Нұрғалиқызы жеңімпаз атанып, халық денсаулығын қорғау жолындағы адал еңбектері үшін марапатталды.
Сонымен қатар «Үздік жас спортшы» номинациясы келестік Асылжан Есболұлына бұйырды. Ол түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, өңір намысын абыроймен қорғап жүр. «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» аталымын сарыағаштық Асел Еркінқызы иеленсе, «Үздік бейбіт өмір батыры» номинациясы төлебилік Асыл Хамитбекұлына берілді. Бұл марапаттар жастардың елге адал қызмет етуге деген ұмтылысын айқын көрсетеді.
Кәсіпкерлік пен экология бағытында да белсенді жастар назардан тыс қалмады. «Үздік жас кәсіпкер» номинациясына сарыағаштық Сұңқар Бердалыұлы лайық деп танылса, «Таза Қазақстан» экологиялық жобасының үздік жасы аталымын қазығұрттық Ақтөре Мейіржанұлы жеңіп алды. Құқық қорғау саласындағы қажырлы еңбегі үшін «Үздік жас полиция қызметкері» номинациясы түркістандық Бақытжан Үсенұлына табысталды. Ал «Үздік Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің маманы ретінде созақтық Зарина Қалдыбайқызы марапатталды.
Жастардың шығармашылық және қоғамдық белсенділігі де жоғары бағаланды. «Үздік жас оқушы» аталымы түлкібастық Нұрислам Нұрланұлына берілсе, «Үздік жас әнші» номинациясын түркістандық Ақгүлім Қайырбекқызы иеленді. «Үздік жас жұмысшы маман» Камила Рүстемқызы атанып, адал еңбектің абыройлы екенін дәлелдеді. Волонтерлік қызметтегі белсенділігі үшін «Үздік жас волонтер» номинациясы түркістандық Асылзат Батырбекқызына бұйырды.
Сонымен қатар ақпараттық кеңістіктегі белсенділігімен танылған «Үздік жас блогер» аталымын түркістандық Бақдаулет Ерланұлы жеңіп алды. «Үздік жас тілші» номинациясында түркістандық Қымбат Мұнсызбайқызы мен Жұлдыз Батырбекқызы үздік деп танылды. Отбасылық құндылықтарды насихаттаудағы үлесі үшін «Үздік жас отбасы» аталымы сарыағаштық Әуезхановтар отбасына берілді. Ақпараттық технология саласында табысқа жеткен жастар қатарынан «Үздік жас ІТ маман» номинациясы сарыағаштық Низамаиддин Курванжанұлына табысталды.
Шығармашылық бағыттағы жетістіктер де назардан тыс қалған жоқ. «Үздік шығармашылық ұжым» ретінде «OzgeEpic CreativeHub» ұжымы марапатталса, «Үздік жас студент» номинациясын жетісайлық Әдемі Мұханқызы жеңіп алды. Барлық жеңімпаздар арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты кеш қорытындысында қатысушылар өңір жастарының әлеуеті жоғары екенін, олардың бастамалары Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті. «Үздік жастар премиясы – 2025» байқауы жастардың отансүйгіштік рухын арттырып, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Бұл марапаттар жас буынды жаңа жетістіктерге жетелеп, ел болашағына сенім ұялатады.
