• Вт. Дек 16th, 2025
Популярные метки

ЖЕТІСАЙ: ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА – ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРІЛЕДІ

Автор:admin

Дек 15, 2025

Жетісай ауданында инвестиция тарту және жаңа жобаларды іске асыру арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында жалпы көлемі 59 гектарды құрайтын «Жетісай» өңірлік маңызы бар индустриалдық аймақ құрылып, сонымен қатар 1 гектар жерге өндірістік парк құру жұмыстары қарқынды жүзеге асырылуда.

Аудан басшысы Серік Үсенұлы Мамытов инвесторлармен кездесу өткізіп, атқарылған жұмыстардың қорытындыларын саралап, алдағы жоспарларды талқылады. Жиында әрбір жобаның жүзеге асырылу барысы, әлеуетті қиындықтар және олардың шешу жолдары туралы кеңінен пікір алмасылды. Сондай-ақ, жиналысқа қатысқан сала басшылары жобалардың техникалық, қаржылық және әкімшілік аспектілері бойынша толық есеп берді.

Аталмыш индустриалдық аймақта іске асырылатын жобалардың қатарына сүт өңдеу зауыты, мақта өңдеу зауыты, жіп иіру фабрикасы, су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыты және полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу зауыттары сияқты 9 жобаны енгізуге жоспарланған. Ал өндірістік парк аумағында құны 210 млн теңгені құрайтын түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру, сұйық және құрғақ ұнтақ өнімдерін шығару, кір сабын мен сусабын өндіру, сондай-ақ әжетхана қағазы мен майлықтар өндірісі сияқты 5 өндіріс орны жұмыс істейтін болады. Бұл жобалардың іске қосылуы нәтижесінде шамамен 1200-ге тарта тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ, бұл өңірдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор үлес қосады.

Аудан басшысы өз сөзінде:
– «Біздің ауданымыз егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласы дамыған өңір. Сондықтан, іске қосылатын зауыттар шикізат тапшылығына ұшырамайды деп сенеміз. Бұл жобалар кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашып, аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты іс-шаралар болып табылады», – деді.

Индустриалдық аймақтағы және өндірістік парктегі жобалар Жетісай ауданының экономикасына тың серпін беріп, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады деп күтілуде. Соңғы 30 жылда ауданда өндіріс орындары салынбаған болатын, ал енді іске қосылатын зауыттар ауыл шаруашылығынан алынған шикізатты өңдеуге мүмкіндік беріп, ауданның индустриалдық әлеуетін едәуір арттырады.

2020 жылдан бері ауданда 90,2 млрд теңгенің инвестициясы тартылған болса, жоспар бойынша бұл көрсеткіш 2030 жылға қарай 419,6 млрд теңгеге жетуі күтілуде. Бұл – аудандағы кәсіпкерлікті дамытуға және жұмыссыздықты азайтуға бағытталған нақты қадам. Сонымен қатар, жаңа өндірістер жергілікті тұрғындар үшін тұрақты кіріс көзі болып қана қоймай, жастарды жұмыспен қамтып, өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.

Инвестициялық жобалардың іске асуы Жетісай ауданындағы агроөнеркәсіп кешенінің дамуын күшейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің жаңа деңгейін қалыптастырады. Жаңа өндіріс орындары мақта, сүт және мал шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған, бұл өз кезегінде аудандағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға және экономиканың әртараптануына мүмкіндік береді.

Аудан әкімдігі жобаларды жүзеге асыру кезінде барлық мемлекеттік талаптар мен сапа стандарттарына толық сәйкестікке мән беріп отыр. Мердігерлерге белгіленген мерзімде жұмыстарды сапалы аяқтау міндеттеліп, жобалардың толық іске қосылуы үшін қажетті әкімшілік қолдау көрсетілуде.

Жетісай ауданында жүзеге асырылатын индустриалдық және өндірістік жобалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартады. Жаңа жұмыс орындары, өндірістің кеңеюі және аудан экономикасының тұрақты дамуы – инвестициялық саясаттың нақты жемісі болып табылады. Бұл бастамалар жергілікті қоғам мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, ауданның ұзақ мерзімді дамуына негіз қалауда.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *