Спорт – тек дене шынықтыру немесе нормативтерді орындау емес, сонымен қатар тәрбие құралы, жастарды төзімділікке, табандылыққа, достық қарым-қатынасқа, мақсатқа жетуге үйрететін маңызды фактор. Соңғы жылдары Жетісай ауданында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ауданда жаңа спорт кешендері мен алаңшалар салынып, жастарға және балаларға арналған заманауи инфрақұрылым кеңейтілуде. Бұл жұмыстардың нәтижесінде жергілікті жасөспірімдер халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Осындай мүмкіндіктердің нәтижесінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» КММ мен «Ой қамшы» әдеби, тарихи білім жобасының қолдауымен «16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні» мерекесіне орай Оразгелді ата ұрпақтарының демеушілігімен «Елім менің – Қазақстан» ұранымен өткен Халықаралық еркін күрес турнирінде Жетісай ауданының жасөспірім балуандары 15 медаль жеңіп алды.
Турнирге көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан республикаларынан, сондай-ақ еліміздің барлық облыстарынан келген 32 команда қатысты. Барлығы 500 балуан 17 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады. Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков, спорт ардагерлері, Халықаралық дәрежедегі төрешілер, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев, «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев және спорт жанашырлары қатысты.
Турнирдің негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында достық қарым-қатынасты нығайту, жаңа жас таланттарды анықтау, бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау болды. Спорттық бәсекеге арнайы қонақ ретінде еркін күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов, грек-рим күресінен Олимпиада және Әлем чемпионаттарының жүлдегері, Өзбекстаннан келген Ихтиер Наврузов қатысып, жас спортшыларға тәжірибе берді және әділ бағасын жасады.
Жарыс қорытындысы бойынша Жетісайлық жасөспірімдер: 6 алтын, 4 күміс және 5 қола медаль иеленді. Бұл көрсеткіш бойынша олар командалық есепте көш бастап, қазақ балуандарының арасындағы мықтылар қатарында өзін көрсетті. Сонымен қатар, Қырғызстан балуандары 2 алтын және 3 қола медальмен ІІІ орынға, ал Өзбекстан командасы 4 алтын, 4 күміс және 5 қола медальмен ІІ орынға ие болды.
Жарыс барысында әрбір жеңімпаз балуан мен жаттықтырушы арнайы медальдармен, аудан әкімінің дипломдары және чемпиондық белбеулермен марапатталды. Сондай-ақ қаржылай сыйлықтар табыс етіліп, арнайы номинациялар бойынша үздік спортшылардың аттары аталды. Ұйымдастырушылар турнирдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барлық тараптарға алғыс білдіріп, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының алғыс хаттарын табыс етті.
Турнирдің тәрбиелік мәні де зор болды. Жарыс кезінде өмірден өткен ата-баба рухына құран бағышталып, арнайы ас берілді. Ел ағалары өскелең ұрпаққа өнегелі әңгімелер айтып, бірлік пен ынтымаққа шақырды. Сонымен қатар, жас спортшыларға өз елінің патриотын болу, ұлттық құндылықтарды құрметтеу және салауатты өмір салтын ұстану идеялары жеткізілді.
Жетісай ауданында бұқаралық спортты дамыту жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Жасөспірімдерге арналған спорт алаңдары мен жаттығу орталықтары ашылып, ауданның әр елді мекенінде спорттық инфрақұрылым кеңейтілуде. Бұл жұмыстар ел Президенті мен облыс әкімінің тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру және ұлттық спорттық дәстүрлерді сақтау бойынша берген тапсырмаларына сәйкес жүргізілуде.
Осындай халықаралық турнирлердің өткізілуі жас балуандардың кәсіби өсуіне жол ашып қана қоймай, аудан тұрғындары үшін де патриоттық, тәрбиелік мәнге ие мәдени шара болып отыр. Жетісайлық спортшылардың халықаралық деңгейде көрсеткен жетістіктері – ауданның спорттық әлеуетінің көрінісі және болашақта ұлттық және халықаралық аренада ел намысын қорғауға дайын жас өспірімдердің үлгісі болып табылады.
Турнирдің қорытындысы бойынша жасөспірімдер мен олардың жаттықтырушылары келесі жылы өтетін жарыстарға дайындықты жалғастыруға және өздерінің спорттық шеберліктерін арттыруға толық мүмкіндігі бар екендігін дәлелдеді. Бұл шара жастарды дене шынықтыруға, салауатты өмір салтын ұстануға және өз елінің патриотына айналуға ынталандырды.
Жалпы, «Елім менің – Қазақстан» ұранымен өткен Халықаралық еркін күрес турнирі Жетісай ауданы үшін маңызды оқиға болды. Ол жасөспірімдердің спорттық дамуына, ауданның халықаралық спорттық имиджін көтеруге және бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға үлкен серпін берді.
