Тәуелсіздік күні қарсаңында Отырар ауданына қарасты Ақкөл елді мекенінде ауыз су жүйесін жүргізу мен имаратының құрылыс жұмыстары толық аяқталып, ауыл тұрғындары таза ауыз сумен қамтылды. Бұл маңызды әлеуметтік жоба ауылдың инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға зор үлес қосып отыр.
Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы, Отырар ауданының прокуроры Әмір Пулатұлы, ауыл ақсақалдары, сондай-ақ тұрғындар қатысты. Жиында аудан басшылары тұрғындарға мемлекеттік қолдау мен әлеуметтік маңызды жобалардың жүзеге асырылуының мәнін түсіндірді.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы өз сөзінде:
«Құрметті жерлестер, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында ауылдық елді мекендерді дамыту, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берілген. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында ауданда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгін Ақкөл ауылының тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, қазіргі таңда аудандағы 38 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған таза ауыз суға қол жеткізді», – деп атап өтті.
Аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Жамалханұлы жаңа су жүйесінің іске қосылуы ауыл тұрғындарын тұрақты және сапалы ауызсумен қамтамасыз ететінін, бұл олардың тұрмыс сапасын арттыруға айтарлықтай ықпал ететінін мәлімдеді. Сонымен қатар, ол елді мекеннің инфрақұрылымдық дамуының алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
Отырар ауданының прокуроры Әмір Пулатұлы құрылыс жобасының ерекше мәнін атап өтті. Ол жоба мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылғанын және бұл шара заң үстемдігін қамтамасыз ету мен халық игілігіне қаражатты бағыттаудың нақты үлгісі екенін жеткізді. Мұндай механизм мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына кепілдік беріп, әлеуметтік жобалардың ашық әрі адал жүзеге асырылуына ықпал етеді.
Аталған нысанды салу жұмыстарын «Exclusive Project company» ЖШС-і атқарған. Жобаның техникалық сипаттамасы бойынша, ауылға 11 560 метр су құбыры тартылып, 65-ке жуық отбасы таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, нысанда 1250 метрлік екі су ұңғымасы қазылып, су сорғы станциясының имараты салынды. Құрылыс барысында заманауи стандарттар мен қауіпсіздік талаптары толық сақталған.
Аудан әкімдігі жауапты мамандарға жаңа нысанды тиімді пайдалану, ауылды сумен үзіліссіз қамтамасыз ету және жүйенің тұрақты жұмысын бақылау тапсырмасын берді. Жергілікті тұрғындар бұл жобаның ауылдың дамуына қосқан үлесін жоғары бағалап, мерекелік шара барысында алғыстарын білдірді.
Айта кету керек, Ақкөл елді мекеніндегі жаңа ауыз су жүйесінің іске қосылуы Тәуелсіздік мерекесінің символдық мәнін арттыра отырып, ауыл тұрғындарына мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлықтың нақты көрінісі болды. Осы жобаның нәтижесінде ауылда тұратын әр отбасының тұрмыс сапасы жақсарып, балалар мен ересектер таза сумен қамтамасыз етілді.
Осылайша, Ақкөлдегі ауыз су жобасы – Отырар ауданының инфрақұрылымдық дамуына, тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі болып табылады. Аудан басшылығы алдағы уақытта да осындай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды жалғастырып, ауылдық елді мекендердегі өмір сапасын арттыруға күш салатынын жеткізді.
