• Чт. Дек 18th, 2025
Популярные метки

КЕЛЕС: ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ ӨНДІРІСТІК ТӘУЕКЕЛДЕРДЕН САҚТАНДЫРУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Автор:admin

Дек 16, 2025

Келес ауданында қызметкерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде болуы мүмкін жазатайым оқиғалар мен кәсіби аурулардан сақтандыру мәселесіне арналған маңызды жиын өтті. Жиналысты аудан әкімі аппараты басшысының міндетін уақытша атқарушы Ерлан Ибраимов ашып, қатысушыларға еңбек қауіпсіздігінің маңыздылығын еске салды. Ол өз сөзінде қызметкерлерді сақтандырудың әр жұмыс берушінің заң алдындағы міндеті ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершіліктің басты көрінісі екенін атап өтті. Сондай-ақ, сақтандыру рәсімдерін уақытында жүргізу өндірістік тәуекелдердің алдын алуға, қызметкерлердің құқықтарын қорғауға және ұйымның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне тоқталды.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы Дінмұхамет Сихымбай еңбек қауіпсіздігі талаптары мен міндетті сақтандырудың құқықтық негіздері жөнінде кеңінен түсіндірді. Ол өз баяндамасында өндірістік және кәсіби тәуекелдерді жіктеу, сақтандыру рәсімдерін жүргізу тәртібі, еңбек шарттарындағы қауіпсіздік нормаларының сақталуы, сондай-ақ жұмыс берушілердің жауапкершілігі жайлы нақты мысалдар келтірді. Сонымен қатар, сақтандыру рәсімдерін дер кезінде жүргізудің қызметкерлердің психологиялық жайлылығы мен еңбек тиімділігіне оң әсер ететінін атап өтті.

Одан кейін «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Балауса Камалова өндірістік тәуекелдерден сақтандыру бағытындағы қызметтер мен сақтандыру өнімдерінің ерекшеліктерін таныстырды. Ол қатысушыларға сақтандырудың түрлі түрлері, полистерді рәсімдеу тәртібі, төлем көлемдері және жұмысшылардың құқықтары жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат берді. Сонымен қатар, Камалова жұмыс берушілердің міндетті сақтандыру бойынша заң талаптарын орындамауы мүмкін болатын тәуекелдер мен құқықтық жауапкершіліктерін нақты мысалдар арқылы түсіндірді.

«Номад Лайф» сақтандыру компаниясының Түркістан қаласындағы 4-санаттағы басқарушы директоры Сулушаш Садуакас өз сөзінде міндетті сақтандырудың тиімділігін, рәсімдеу кезеңдерін және өндірістік тәуекелдерден қорғанудың артықшылықтарын жан-жақты түсіндірді. Ол қатысушылардың қойған сауалдарына толық жауап беріп, сақтандырудың еңбек қауіпсіздігі саласындағы рөлін нақты мысалдар арқылы көрсетті. Жиын барысында қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, практикалық мәселелерді талқылады, сондай-ақ жұмыс орындарында туындауы мүмкін өндірістік тәуекелдерді азайту жолдарын қарастырды.

Жиын соңында Ерлан Ибраимов барлық жұмыс берушілерге қызметкерлерді жазатайым оқиғалар мен кәсіби аурулардан міндетті түрде сақтандыру жөніндегі заң талаптарын уақытылы орындау қажеттігін ескертіп, еңбек қатынасындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, сақтандыру рәсімдерін дұрыс ұйымдастыру арқылы қызметкерлердің құқықтық қорғалуы, жұмыс берушілердің жауапкершілігінің айқын болуы және өндірістік жарақаттардан сақтану деңгейінің артуы қамтамасыз етілетіні айтылды.

Осы шараның нәтижесінде Келес ауданындағы барлық кәсіпорындар мен мекемелер қызметкерлерді өндірістік тәуекелдерден сақтандыру мәселесін жүйелі түрде қолға алуға міндеттелді. Сонымен қатар, аудан әкімдігі тарапынан қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты мониторинг жүргізілетіні және тиісті нұсқаулықтар берілетіні хабарланды. Жиын қатысушылары аталған шараны өте маңызды және өзекті деп бағалап, оны алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *