• Пн. Дек 15th, 2025
Популярные метки

ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ЭКСТРЕМИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ

Автор:admin

Дек 14, 2025

Түркістан облысы Түлкібас ауданында қоғамдық тұрақтылықты нығайту, жастар арасында діни сауаттылықты арттыру және этникалық сипаттағы экстремизмнің алдын алу мақсатында кешенді түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Аталған іс-шара Лермонтов атындағы жалпы білім беретін мектепте ұйымдастырылып, оған құқық қорғау органдарының қызметкерлері, этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, Руханият орталығының өкілдері, сондай-ақ мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысты.

Кездесуге Түркістан облысы Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теолог маманы Тағай Айбек арнайы шақырылды. Ол діни мәселелер бойынша кең көлемде түсіндірме жүргізіп, жастарға бүгінгі қоғамда кездесетін қауіп-қатерлер туралы нақты мысалдар арқылы ақпарат берді.

Кездесу барысында этникалық және діни сипаттағы экстремизмнің алдын алу тақырыбы кеңінен қозғалды. Спикерлер радикалды идеологиялардың қоғамға тигізетін зиянына тоқталып, олардың алдын алу әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Әсіресе жасөспірімдердің ақпаратты қабылдау ерекшеліктерін ескере отырып, оларды сыни ойлауға, жалған және арандатушылық ақпаратты ажырата білуге үйрету мәселесіне басымдық берілді.

Іс-шара аясында интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмады. Мамандар әлеуметтік желілер мен түрлі онлайн платформаларда таралатын күмәнді ақпарат көздеріне сенбеу, белгісіз парақшалар мен топтардың шақыруларынан сақ болу, экстремистік сипаттағы материалдарды таратпау және оған жол бермеу жөнінде нақты кеңестер берді. Сонымен қатар, интернеттегі әрбір ақпараттың артында белгілі бір мақсат тұруы мүмкін екені түсіндіріліп, жастарды заң талаптарын сақтауға шақырды.

Кездесудің негізгі мақсаты – оқушылардың діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі құндылықтарды түсіндіру және онлайн ортада таралатын теріс идеологияның алдын алу болып табылады. Осы бағытта спикерлер Қазақстанда діни сенім бостандығы заңмен қорғалатынын, алайда қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы бәрінен жоғары тұратынын атап өтті.

Сонымен қатар, «Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілету мақсатында дін саласына қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қатысушыларға қоғамдық орындарда бет-жүзді толық жабатын киімдерге қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы мәлімет беріліп, бұл нормалардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғаны түсіндірілді. Заң талаптарын сақтау – әрбір азаматтың міндеті екені ерекше атап өтілді.

Кездесу барысында оқушылар мен ұстаздар тарапынан қойылған сұрақтарға мамандар жан-жақты әрі нақты жауап берді. Сұрақтар негізінен діни білім алу жолдары, интернеттегі қауіпсіздік, заңдық жауапкершілік және жастардың қоғамдағы рөлі тақырыптарын қамтыды.

Іс-шара ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар үшін пайдалы әрі мазмұнды болды. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық және діни сауаттылығын арттырып қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға, радикалды көзқарастардың алдын алуға ықпал етеді.

Түлкібас ауданында өткізілген бұл түсіндіру жұмыстары жасөспірімдердің саналы көзқарасын қалыптастыруға, патриоттық және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Алдағы уақытта да осындай ақпараттық кездесулерді жүйелі түрде өткізу қоғамның қауіпсіз дамуына оң әсерін тигізері сөзсіз.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *