• Ср. Дек 10th, 2025
Популярные метки

Келес ауданында ҚХА жанындағы Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің IV тоқсандық отырысы өтті

Автор:admin

Дек 9, 2025

Келес ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің ІV тоқсандық отырысы ұйымдастырылды. Бұл жиын өңірде бірлік пен тұрақтылықты сақтау, қоғамдық келісім мен өзара түсіністікті нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды саралауды мақсат етті. Басқосуға ауданның зиялы қауымы, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, қоғамдық құрылымдардың мүшелері қатысты. Отырысты Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев жүргізді.

Күн тәртібіндегі мәселелердің алғашқысы Ақсақалдар кеңесінің атқарған жұмыстары туралы болды. Кеңес төрағасы Нұртаев Лесбек Ағылұлы жыл бойы іске асқан бастамаларға тоқталып, аудан жастары арасында ұлттық тәрбие беру, салт-дәстүрді дәріптеу, мәдени құндылықтарды насихаттау бағытындағы іс-шаралар туралы баяндады. Ақсақалдар кеңесі жастар тәрбиесіне қатысты түрлі кездесулер, тәлімдік әңгімелер, ардагерлермен сұхбат алаңдары ұйымдастырғанын айтып өтті. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – жас буынды өнегелі жолға бағыттау, адалдық пен жауапкершілікті қалыптастыру, ұлттық рухты көтеру.

Аналар кеңесінің төрайымы Сәрсенова Гүлбала Жәнібекқызы да өз баяндамасында жыл көлемінде атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі атап өтті. Anалар кеңесі «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудандық филиалымен, полиция қызметімен, білім беру мекемелерімен және мәдениет ұйымдарымен тұрақты түрде бірлескен іс-шаралар өткізіп келген. Кеңес мүшелері отбасылық құндылықтарды нығайту, бала тәрбиесінде ата-ананың рөлін арттыру, мектеп оқушылары арасында ерте жүктіліктің алдын алу және құқық бұзушылықтың жолын кесу бағытында кездесулер мен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған мәдени жобалар, семинарлар, танымдық жиындар өңірдегі бірлік пен өзара сыйластықты насихаттауға бағытталды.

Аналар кеңесінің бастамасымен жыл басынан бері отыздан астам іс-шара өткен. Олардың ішінде ұлттық қолөнерге арналған шеберлік сабақтары, әжелер мектебі жобасы, ауылдық округтердегі ашық диалог алаңдары, кітапханалар мен мәдениет үйлерінде ұйымдастырылған әдеби-рухани кештер бар. Бұл жұмыстар өңір жастарының бойына ұлттық менталитетті сіңіру, тілге, мәдениетке және тарихқа құрметті арттыру мақсатын көздеді.

Жиын барысында «Абай» Келес аудандық ауруханасының бас дәрігері Оспанов Бауыржан Есболұлы денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер мен жылдық көрсеткіштер туралы ақпарат берді. Ол тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын жақсарту, профилактикалық шараларды күшейту, аурулардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарды атап өтті. Әсіресе ауылдық елді мекендерге мобильді топтардың шығуы, халықтың қолжетімді медициналық көмек алу мүмкіндігін арттырғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар Келес ауданының бас имамы Садықов Айдарәлі діни тұрақтылықты сақтау, жастар арасында діни сауаттылықты арттыру, жат ағымдардың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді. Имам мешіттерде, оқу орындарында және қоғамдық орындарда түрлі кездесулер өткізіліп, діни мәдениет пен ұлттық салт-дәстүрдің байланысы түсіндірілгенін айтты. Дін саласындағы ағарту жұмыстары қоғамдағы татулық пен рухани тұрақтылықты сақтауға бағытталып отыр.

Әрбір баяндама аяқталғаннан кейін қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар енгізілді. Ауданның қоғамдық кеңестері мен ақсақалдар алқасы арасындағы өзара байланыс, ауылдық округтерде әлеуметтік мәселелерді шешу жолдары және жастар тәрбиесіне қатысты жаңа идеялар талқыланды. Қатысушылар алдағы жылы мәдени әлеуетті көтеру, отбасылық институтты нығайту, ауыл жастарына арналған тәрбиелік іс-шараларды көбейту туралы ойларымен бөлісті.

Жиынды қорытындылаған Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев Ақсақалдар және Аналар кеңестерінің қоғамдағы рөлі ерекше екенін атап өтіп, атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді. Ол қоғамдық ұйымдармен әріптестік байланыс ауданның рухани-мәдени дамуын күшейтіп, бірлік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ететінін айтты. Алдағы жылға арналған жоспарлар да осы бағытты жалғастыруды көздейді.

Отырыс барысында талқыланған ұсыныстар мен пікірлер ауданның әлеуметтік-саяси өміріне оң әсерін тигізбек. Кеңестердің жүйелі жұмыс жүргізуі өңірдегі қоғамдық қатынастарды нығайтып, жастарға үлгі-өнеге болатын игілікті бастамалардың артуына жол ашады.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *