Түркістан облысында отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және азаматтық қоғамдағы бірлік, жауапкершілік, өзара құрмет құндылықтарын қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. 2025 жылғы 8 желтоқсанда Түркістан қаласындағы Түркістан облыстық Олимпиада резервін даярлау орталығында маңызды қоғамдық шаралардың бірі өткен болатын. Аталған кездесуді мекеме басшысының орынбасары Жандос Дәуіт модератор ретінде жүргізді.
Іс-шара «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып жатқан «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-әрекет» республикалық науқанының іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. Бұл науқан еліміз бойынша әлеуметтік әділдікке, отбасылық қауіпсіздікке, әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға бағытталған аса маңызды бастамалардың бірі болып табылады. Жиында «Отбасындағы зорлық – қылмыс» тақырыбы талқыланып, қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі жан-жақты қозғалылды.
Дөңгелек үстелде Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы, “Бітімгер” медиаторлар қоғамдық бірлестігінің басшысы Бақытжан Бейсембаев, сондай-ақ облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Бауыржан Исаев отбасылық саясаттың өңірдегі тиімділігін арттыру мәселелерін көтерді. Сарапшылар отбасы институтын одан әрі нығайту қоғамдағы тұрақтылық, өзара сенім қалыптастыру, сондай-ақ халықтың әлеуметтік-рухани иммунитетін күшейту үшін маңызды екенін айтты.
Баяндамашылар өз сөздерінде отбасы – кез келген қоғамның іргетасы екенін, ондағы татулық, сыйластық, ынтымақ ел ішіндегі тыныштық пен тұрақтылықтың кепілі екенін атап өтті. Отбасы ішінде орын алатын зорлық-зомбылықтың тек жеке адамдарға ғана емес, қоғамның жалпы дамуына кері әсерін тигізетінін айтты. Зорлық-зомбылық көрген әйелдердің, балалардың психологиялық жарақаты олардың болашақ өміріне, қоғамға бейімделуіне ұзақ мерзімді зиян келтіретіні кеңінен түсіндірілді. Осыған байланысты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әр отбасының, әр азаматтың, жалпы қоғамның ортақ міндеті екені айтылды.
Шара барысында медиаторлар отбасы дауларының алдын алудағы татуластыру рәсімдерінің маңызына тоқталды. Бейбіт келісімге келудің артықшылықтары, жанжалды ушықтырмай шешудің әдістері, қоғамдағы келісім мәдениетін дамыту жолдары түсіндірілді. Қатысушылар медиация институтының рөлі жылдан жылға артып келе жатқанын, бұл тәсіл қоғамдағы адамгершілік құндылықтарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Спикерлер өз сөздерінде бірлік пен ынтымақ, әділдік, жауапкершілік сияқты құндылықтар отбасыдан басталатынын ерекше назарға салды. Егер әр отбасында құрмет, түсіністік, мейірім, жауаптылық болса, онда өңірдегі, тұтас елдегі қоғамдық тұрақтылық пен азаматтық келісім де сақталады. Осы тұрғыда қатысушыларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты, ұлт бірлігі тұжырымдамасы, отбасы – шағын мемлекет ретіндегі маңызы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік рәміздерге құрмет, елдік мүддені жоғары қою, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеу сияқты құндылықтар да қозғалмай қалмады. Бұл бағыттар лот мазмұнымен толық үйлеседі.
Дөңгелек үстелде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан өңірлік шаралар, қоғамдық бақылаудың маңызы, азаматтық қоғам институттарының рөлі туралы ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды. Сарапшылардың айтуынша, отбасы институты мықты болса, қоғам да мықты болады. Сондықтан мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, білім беру ұйымдары, спорт орталықтары, жергілікті қоғамдастық бәрі бірігіп отбасы құндылықтарын насихаттауға атсалысуы тиіс.
Кездесу соңында қатысушылар арасында еркін пікір алмасу жүрді. Қатысушылар өз сұрақтарын қойып, мамандардан кеңес алды, қоғамда жиі кездесетін жағдайлар бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе жастар арасындағы тәртіп, жауапкершілік, отбасылық мәдениетті қалыптастыру тақырыптарына айрықша назар аударылды.
Бұл іс-шара Түркістан өңірінде отбасы институтын дамытуға, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға, зорлық-зомбылықпен күресуге және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Осындай кездесулер арқылы қоғамдағы өзара құрмет, сенім, бірлік сынды негізгі құндылықтарды нығайтуға мүмкіндік туады.
