Түркістан қаласында «Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында жастар арасында есірткіге қарсы мәдени-ағартушылық шара өтті. Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізілген «Біз есірткісіз өмірді қалаймыз» көркем шығарма жазу байқауының басты мақсаты – жастарды тазалыққа, адамгершілік пен имандылыққа тәрбиелеу, салауатты өмір салтын насихаттау болды. Бұл іс-шара жасөспірімдердің рухани дамуына және олардың қоғамдық өмірге саналы түрде араласуына ықпал ететін маңызды жобалардың бірі болып табылады.
Байқауға 12 мен 21 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. Қатысушылар екі топқа бөлінді: кіші топ – 12–16 жас аралығындағы оқушылар, үлкен топ – 17–21 жас аралығындағы жасөспірімдер. Алдын-ала әлеуметтік желіге жарияланған ережелерге сәйкес үміткерлер өз шығармаларын ұйымдастырушыларға тапсырды.
Кіші топ бойынша байқауға 43 үміткер өтінім беріп, олардың ішінен 30 үміткер қорытынды марапаттау рәсіміне шақырылды. Үлкен топ бойынша барлық 7 үміткер қатысып, өздерінің шығармашылығын көрсетті. Байқауға арнайы бекітілген қазылар құрамы үміткерлердің шығармаларын алдын ала сараптап, олардың түпнұсқалығын, шығармашылық деңгейін, тақырыпқа сайлығын және көркемдік ерекшеліктерін бағалады.
Қазылар құрамында тәжірибелі мамандар болды:
Адырбек Баян Садыққызы – «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының Құрметті азаматы;
Мағжан Сәуле Мағжанқызы – Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты;
Тлеулиев Тұрар Сарсенбайұлы – Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағы» Түркістан облысы филиалының төрағасы, «Өнер мектебінің» директоры, айтыскер ақын.
Байқаудың қорытынды рәсімі Түркістан қалалық мәдениет үйінің көрермендер залында өтті. Шара тақырыптық бейнероликпен басталып, мәдениет үйінің өнерпаздарының әуезді әндерімен жалғасты. Алғашқы сөзді қоғам белсендісі, ұстаз және ақын Сүлейменова Ұлжалғас, сондай-ақ облыстық психикалық денсаулық орталығының дәрігер-психиатры Әметов Ұлықбек Тастанбек сөйледі. Олар жасөспірімдерге ой саларлық пікірлерін білдіріп, салауатты өмір салты мен зиянды әдеттердің алдын алу тақырыбын насихаттады.
Қазылар шығармаларды сараптау барысында үміткерлердің шығармашылық ізденісін, өз еңбегімен жасағанын бағалап, желіден көшірген жұмыстарды анықтау әділдігін қамтамасыз етті. Кіші топ бойынша бас жүлде – Турсумахмед Жанерке Бағдатқызы (№31 ЖББМ), I орындар – Әбілқасым Нұрислам Абибуллаұлы (№15 М. Жұмабаев атындағы мектеп гимназиясы) және Сәрсенбай Алтынай (№23 IT мектеп-лицейі) жеңімпаздарына бұйырды. II орындарға Аманбек Назгүл Жасуланқызы (А.Байтұрсынов мектебі), Сабыр Нұрғалым Нурланұлы (№27 Ө. Жәнібеков атындағы мектеп), Куаныш Азамат Мейрамбекұлы (Түркістан жоғары көпсалалы колледжі), Халилилла Жасмин Нұржанқызы (№15 М. Жұмабаев атындағы мектеп гимназиясы) ие болды. III орындар Кендебай Есет Сержанұлы (Н.Оңдасынов атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты), Саттар Жания Ерғалиқызы (Н.Оңдасынов атындағы мамандандырылған мектеп-интернаты), Әліқұл Сымбат Жасұланқызы (№26 жалпы білім беретін мектеп), Әлиасқар Мирас Ғалымжанұлы («Тұлға» көшбасшылар мектебі) сияқты қатысушыларға бұйырды.
Арнайы номинациялар бойынша жеңімпаздар да анықталды: «Көркем ой» – Жарылқасын Ақмаржан, «Зерек бала» – Мейрбек Дияс, «Ұшқыр ой» – Несіпбай Нұрдана, «Күміс қалам» – Хайдарханова Мухлиса, «Тапқыр ой» – Сексенбай Айкөркем, «Ізденіс шеберлігі» – Тастемір Қазына, «Үздік шығарма» – Ерген Балым, «Ерекше зейін» – Рүстем Ернұр.
Үлкен топ бойынша бас жүлде Оразбай Айым Ерланқызына бұйырса, I орын – Калымбетова Жасмин, II орындар – Тынысбай Амангелді және Оразбек Саятқа, III орындар – Тастанбек Улбала, Амантұр Жеңіс, Оразбек Назгүл жеңімпаздарына берілді.
Мәдениет үйінің директоры, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Шәмет Лиза Төлегенқызы жеңімпаздарды құттықтап, қала әкімінің арнайы алғыс хаттарын табыс етті. Байқауға келген ұстаздар, оқушылар мен көрермендер көтеріңкі көңіл-күймен тарасты, шараның тәрбиелік мәнін жоғары бағалады.
Осы байқау жастарға салауатты өмір салтын дәріптеп, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырған, рухани тәрбиенің маңызды платформасы болды. Іс-шараның нәтижесінде жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттері шыңдалып, олардың қоғамдық өмірге саналы түрде араласуы, өз пікірін білдіруі мен шығармашылық ой-өрісін дамытуына жағдай жасалды.
«Түркістан – қауіпсіз қала» бағдарламасы аясында өткізілген бұл байқау жастарға арналған маңызды мәдени-ағартушылық шара болып, болашақта есірткіге қарсы іс-шараларды одан әрі жалғастыруға бағытталған тиімді үлгі болды.
