• Сб. Дек 20th, 2025
Популярные метки

TURKISTAN INTERNATIONAL BOOK FAIR 2025

Автор:admin

Ноя 26, 2025

Түркістан қаласында 26–28 қараша аралығында түркі тілдес елдердің баспа ұйымдарын, қаламгерлерін, аудармашыларын және әдеби қауымды біріктірген TURKISTAN INTERNATIONAL BOOK FAIR 2025 Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі жоғары деңгейде өтті. Бұл мәдени шараны Түркістан облысының қолдауымен Foliant баспасы және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ұйымдастырды. Көрменің басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға баулу, отбасымен кітап оқу мәдениетін насихаттау, оқырман талғамын қалыптастыру және жас таланттардың шығармашылығын дамыту.

Көрмеге Түркия, Өзбекстан, Моңғолия, Әзербайжан, Қырғызстан, Саха Республикасы (Якутия), Ресей және Қазақстан елдерінен 50-ге жуық компания қатысты. Кітап жәрмеңкесінде түрлі елдердің әдебиет ортасы мен баспагерлері өздерінің жаңалықтарын таныстырып, әдеби байланыстар орнату үшін бір алаңға жиналды. Көрмеге келген оқырмандар үшін әдеби мастер-класстар, таныстырылымдар және шығармашылық кездесулер ұйымдастырылып, балалар мен жасөспірімдерге арналған интерактивтік шаралар ерекше назарда болды.

Фараб кітапханасы көрмеге өз арнайы экспозициясымен қатысты. Кітапхана стендіне келген қатысушылар өңірлік тарихи кітаптармен танысты, сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге арналған интеллектуалды ойындарға қатысты. Бұл ойындар балалардың логикалық ойлау қабілетін, есте сақтау және тілдік дағдыларын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, жас қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсету мүмкіндігіне ие болды.

Көрмеде өткізілген «Кішкентай қолдар, үлкен өнер» шығармашылық сабағы балалар үшін ерекше қызықты болды. Балалар өз қолдарымен сурет, қолөнер бұйымдары жасап, шағын мүсіндер жасауды үйренді. Сабақ барысында әр қатысушы өз шығармашылық туындысын қорғап, ой-өрісін кеңейтіп, шығармашылық қабілетін шыңдады. Бұл тәжірибе жасөспірімдерге өз идеяларын еркін жеткізуге, шығармашылық ойлау мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізді.

Жасөспірімдерге арналған қыш құмыра жасау тәжірибелік сабақтары мен ЖИ шеберлік сабақтары да үлкен қызығушылық тудырды. FabLab сандық зертханасында балалар цифрлық құралдармен жұмыс істеп, интерактивтік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Олар өз идеяларын цифрлық форматта бейнелеп, анимациялық кейіпкерлер жасау және шағын мультфильмдер әзірлеу тәжірибесін жинады. Бұл іс-шара балалардың технологиялық дағдыларын арттыруға, шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал етті.

Кітапхана қызметкерлері көрмеге келген балалар мен жасөспірімдерге шығармашылық кеңестер беріп, олардың туындыларын жетілдіру жолында бағыт-бағдар көрсетті. Сонымен қатар, ең үздік жұмыстар кітапхананың тұрақты көрмесіне қойылып, қалалық сайт пен әлеуметтік желілерде жарияланды. Бұл балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық еңбектерін кең аудиторияға жеткізуге мүмкіндік берді және мемлекеттік тілде контентті ақпараттық қолдауға ықпал етті.

Көрме барысында балалар мен жасөспірімдерге арналған әдеби сағаттар, викториналар, интерактивтік тапсырмалар мен командалық жобалар ұйымдастырылды. Олар қатысушыларға ақындар мен жазушылардың шығармашылығымен танысуға, өз идеяларын қағазға түсіріп, шығармашылық жұмыстарын дамытуға жағдай жасады. Шара барысында балалар топтық жобалар жасап, әр түрлі тақырыптар бойынша постерлер мен көркем бейнелер ұсынды. Бұл олардың коммуникациялық дағдыларын дамытуға, командада жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Көрме соңында балалар мен жасөспірімдерге арнайы сертификаттар, естелік сыйлықтар табысталды. Ең үздік шығармалар қалалық және онлайн платформаларда жарияланып, жас таланттарды қолдауға арналған арнайы жобалармен таныстырылды. Бұл шара жастардың шығармашылық әлеуетін ашып, олардың оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды мәдени іс-шара болды.

TURKISTAN INTERNATIONAL BOOK FAIR 2025 көрме-жәрмеңкесі балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын дамыту, интеллектуалды қабілеттерін шыңдау және мемлекеттік тілде ақпараттық контентті қолдау мақсатындағы іс-шаралардың маңызды бөлігі болып саналады. Жәрмеңке 28 қарашаға дейін «Конгресс Холл» кешенінде жалғасады. Барлық балалар мен жасөспірімдерді кітап әлемімен танысуға, өз шығармашылығын көрсетуге шақырамыз. Бұл шара жастардың қиялы мен ой-өрісін кеңейтіп, шығармашылық белсенділігін арттыратын ерекше мүмкіндік болып отыр.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *