Тұран ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері «Уақыт ТВ» телеарнасымен бірлесіп «Отпен ойнама, балақай» атты оқыту бейнеролигін дайындады. Бұл жұмыс – балалардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған жүйелі профилактикалық шаралардың бірі.
Қысқа әрі мазмұнды бейнероликте әр баланың білуі тиіс басты қауіпсіздік ережелері қарапайым, түсінікті және жас ерекшелігіне сай тілде түсіндіріледі. Мамандардың айтуынша, балаларға ақпаратты ойын элементтері, иллюстрациялар және көрнекі мысалдар арқылы жеткізу – олардың қауіпсіздік ережелерін тез қабылдап, есінде ұзақ сақтауға көмектеседі.
Роликтің негізгі мақсаты – балаларды отпен ойнаудың салдары туралы хабардар ету, тұрмыста орын алуы мүмкін қауіптерден сақтандыру және төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуге үйрету. Онда сіріңке мен тұтатқыштың қауіптілігі, электр құралдарын пайдаланудағы абайлық, жалын байқалған жағдайда үйден қалай шығу керектігі, ал төтенше жағдай кезінде 101 немесе 112 нөмірлеріне дереу хабарласу қажеттігі нақты мысалдар арқылы көрсетілген.
ТЖБ қызметкерлері мұндай материалдардың маңызы өте зор екенін атап өтті. Себебі қазіргі таңда өрттердің басым бөлігі — балалардың отпен ойнауы немесе электр құрылғыларын дұрыс пайдаланбау салдарынан туындайды. Сондықтан балаларға қауіпсіздік білімін ерте жастан қалыптастыру – апаттың алдын алудың ең тиімді жолы.
«Уақыт ТВ» телеарнасының түсірілім тобы бейнероликтің әр сәтін балаларға қызықты әрі тартымды етуге күш салды. Көрнекілік, мультипликациялық элементтер мен қысқа сюжеттер арқылы ақпарат жеңіл қабылданады. Бұл әдіс тек балаларға ғана емес, ата-аналарға да маңызды. Олар балаларының күнделікті өмірінде нені бақылау керектігін, қандай қауіпсіздік шараларын ескеріп жүру қажет екенін жақсырақ түсіне алады.
Осындай профилактикалық жұмыстардың басты міндеті – қауіпсіздік мәдениетін тек үлкендер арасында ғана емес, ең алдымен балалар арасында қалыптастыру. Себебі бала кезден дұрыс дағдыларды меңгерген жасөспірім болашақта қауіпсіздік ережелерін автоматты түрде сақтайтын жауапты азамат болып қалыптасады.
Тұран ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы өкілдері алдағы уақытта да осындай әлеуметтік мазмұндағы бейнематериалдарды тұрақты түрде дайындауды жоспарлап отыр. Әрбір жаңа бейнеролик қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға үлес қосады.
Мұндай бастамалар балаларға қарапайым ережелердің өмірді сақтап қалатынын түсінуге көмектеседі. Қауіпсіздік – баланың да, үлкеннің де басты құндылығы!
