Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын тауып келеді. Осы мақсатта облыстық прокуратураның бастамасымен өңірдің барлық аудандарында арнайы жұмысшы топтардың қызметі ұйымдастырылған. Осындай кезекті жиын Бәйдібек ауданында өткізіліп, аудан аумағындағы жол-көлік оқиғаларының себептері мен оларды болдырмау жолдары жан-жақты талқыланды.
Жиынға Түркістан облысы прокурорының аға көмекшісі Ербол Тұрсынбаев, Бәйдібек ауданының прокуроры Мәди Байтелиев, аудан әкімі аппаратының басшысы Фазылбек Әуен, аудан әкімінің орынбасары Нұрпеис Ақбаев, аудандық мәслихат төрағасы Имангелді Түймебаев, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Қуат Нұрбаев қатысты. Сонымен бірге аудандық бөлімдердің басшылары, ауылдық округ әкімдіктерінің мамандары жиналып, ортақ мәселені шешу жолдарын бірлесіп талқылады.
Кездесу барысында Ербол Тұрсынбаев облыс көлемінде жүргізіліп жатқан бақылау жұмыстары туралы баяндап, жол-көлік оқиғаларының санын азайту үшін кешенді шаралар атқарылуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек полиция қызметкерлерінің немесе прокуратураның ғана міндеті емес, бұл – мемлекеттік органдардың барлығының ортақ жауапкершілігі.
Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері ретінде жолдардың тарлығы, көлік ағынының артуы, жүргізушілердің ережені сақтамауы, жаяу жүргіншілерге арналған қауіпсіз аймақтардың жеткіліксіздігі, сондай-ақ инфрақұрылымның тозуы аталды. Әсіресе, ауданның таулы аймақтарында орналасқан ауылдарға апаратын жолдардың жағдайы жиі қиындық туғызатыны белгілі. Сондықтан қауіпті учаскелерді анықтап, оларға қосымша белгілер мен жарықтандыру орнату мәселесі күн тәртібіне қойылды.
Бәйдібек аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Марат Жұмабеков өз баяндамасында соңғы жылдардағы жол-көлік оқиғаларының статистикасын ұсынды. Оның айтуынша, жол апаттарының басым бөлігі жылдамдықты арттыру, жол ережелерін өрескел бұзу, сондай-ақ техникалық талаптарға сай келмейтін көліктерді басқару салдарынан туындайды. Бұған қоса, ауылдық жерлерде балалар мен жасөспірімдер арасында жол ережелері туралы ақпараттың аздығы да ықпал етіп отырғаны айтылды.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан бірқатар нақты ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, жол бойындағы қауіпсіздік белгілерін жаңарту, апатты аймақтарды тексеріп, камералар орнату, жаяу жүргінші өткелдерін реттеу және мектептерде жол қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселелері көтерілді. Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» мамандары аудан аумағындағы республикалық маңызы бар жолдар бойынша атқарылып жатқан жөндеу жұмыстары туралы ақпарат берді.
Кездесу қорытындысында прокуратура өкілдері аудандық әкімдік пен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысының маңызын ерекше атап өтті. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу – ұзақ мерзімді әрі кешенді шараларды талап ететін маңызды бағыт. Сондықтан барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы, халықтың жауапкершілігі мен жол инфрақұрылымының сапасын арттыру – қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басты фактор.
Бәйдібек ауданында жол қауіпсіздігі мәселесі үнемі бақылауда болып, алдағы уақытта жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен іске асырылмақ. Бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға, өңірде жол апаттарының санын азайтуға мүмкіндік береді.
