• Пт. Ноя 28th, 2025
Популярные метки

ОРДАБАСЫ: АУЫЛДАРДА ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУЛЕР ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Автор:admin

Ноя 27, 2025

Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Қараспан және Қажымұқан ауыл округтерінде тұрғындармен өткізілген кезекті есептік кездесулердің қорытындысын жариялады. Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 9 айдағы көрсеткіштері толық таныстырылып, ауылдық округтерде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жан-жақты баяндалды.

Биылғы жылы Қараспан ауыл округінің бюджеті 135,9 млн теңгені, ал өзіндік кірістері 28,7 млн теңгені құрады. Жыл басынан бері тұрғындар тарапынан көтерілген 13 мәселенің 8-і шешімін тапты, қалғаны бақылауда қалуда. Қажымұқан ауыл округінің биылғы бюджеті 371,4 млн теңге болып, өзіндік кірістері 132,3 млн теңгеден асты. Есептік кездесулерде әкім қаржыны тиімді игерудің маңыздылығына тоқталып, әр сала басшысы мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

Аудан басшысы бюджет қаражатын мақсатты пайдалану, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы орындау, тұрғындардың өтініштері мен шағымдарын дер кезінде шешу бағытында жүйелі бақылау жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындарға арналған мемлекеттік қызметтер сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінді.

Қараспан ауыл округінде суармалы егістік көлемі 4200 гектарға жетіп, бұл аумақты қамтамасыз ететін 21 канал жұмыс істейді. «Қараспан» магистраль каналының 24 шақырымында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары 98 пайызға орындалды. Сонымен қатар, 14 каналдың 53 шақырымы механикалық тазартудан өтті. Президент тапсырмасына сәйкес ағын суды үнемдейтін жаңа технологиялар енгізіліп, биылғы жылы жоспарланған 1691 гектар жердің орнына 1721 гектарға жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері орнатылды. Оның ішінде 205 гектар аумаққа тамшылатып суару технологиясы енгізілді.

Қажымұқан ауыл округінде 3314 гектар суармалы жерді қамтамасыз ететін 11 канал бар. 2022–2024 жылдары «Қазсушар» РМК балансына тиесілі 3 каналға қатысты жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Бүгінгі таңда Найман каналындағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде және жыл соңына дейін толық аяқталуы жоспарланып отыр.

Есептік кездесуде ауыл округтеріндегі инфрақұрылымдық жұмыстар да талқыланды. Қараспан ауыл округінде 4 елді мекенде газдандыру құрылысы жүргізілуде, желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған. Жеке инвестор есебінен салынған фельдшерлік-акушерлік пункт желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Көлтоған ауылындағы Маметова көшесіне жарықтандыру құралдары орнатылды.

Жол инфрақұрылымын дамыту бағытында Қонысов және Бекмұратов көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мақташы және Сарыарық ауылдарында көшелерге орташа жөндеу жұмыстарының мемлекеттік сатып алу рәсімдері атқарылуда. Төреарық ауылындағы аяқжол құрылысы 2026 жылға жоспарланған.

Қажымұқан ауыл округінде тұрғындар тарапынан жол жөндеу, абаттандыру, балалар ойын алаңшаларын орнату, коммуналдық және газ жүйесі мәселелері көтерілді. Аудан әкімі тиісті сала басшылары мен ауыл әкімдеріне барлық сұрақтарды шешуге нақты тапсырмалар берді.

Қажымұқан ауыл округінде өндірістік әлеуетті арттыру бағытында ауқымды жобалар іске асырылуда. 2025 жылдан бастап екі кәсіпорынды іске қосу жоспарланған: «Қазгарден» агроөнеркәсіп кешені (Темірлан) — 400 млн теңге және ЖК «Мейірмашев Э» (Ынталы ауылы) — 200 млн теңге. Құрылыстар толық аяқталып, құрал-жабдықтар жеткізілуде, жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде.

Инвестициялық жобалар бойынша жыл басында қойылған міндет – 1,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту, оның 1,3 млрд теңгесі 9 айда игерілді. Бұл көрсеткіш ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін беруде.

Жиын барысында аудан әкімі тұрғындармен тығыз байланыс орнатудың маңыздылығына тоқталды. Әрбір көтерілген мәселені бақылауда ұстап, шешімін табу – ауыл әкімдері мен тиісті сала басшыларының негізгі міндеті. Аталған бағыттарда есеп беру жүйесі, орындалу мерзімдері және бақылау механизмдері нақты көрсетілді.

Аудан басшысы тұрғындарды ортақ жауапкершілікке шақырып, абаттандыру, көгалдандыру, тазалық сақтау және қоғамдық іске белсенді қатысу – әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтті. Ол ауылдық округтердің дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын жақсарту үшін бірлескен жұмыс маңызды екенін ерекше атап көрсетті.

Қараспан және Қажымұқан ауыл округтерінде өткізілген есептік кездесулердің қорытындысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының көрінісі болып табылады. Жергілікті тұрғындар көтерген мәселелердің орындалуы, бюджет пен инфрақұрылымдық жобалардың сапалы жүзеге асырылуы – Ордабасы ауданының ашық, есеп беретін және жауапты әкімшілік басқару саясатын көрсетті.

Аудан әкімінің бастамасымен атқарылған жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, ауылдық округтердің көркеюіне және қоғамдық жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Ордабасы тұрғындары үшін осындай есептік кездесулер – олардың құқығы мен мүдделерін қорғаудың, қоғамдық шешімдерге қатысу мүмкіндігінің айқын көрінісі болып отыр.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *