Ордабасы ауданында қыс мезгіліне дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. «Қыс-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында аудан аумағындағы коммуналдық қызметтердің техникалық мүмкіндігі, материалдық қоры және жедел әрекет ету тетіктері жан-жақты зерделенді. Бұл жұмыстарды аудан әкімінің орынбасары Мақсат Ақмұратов пен Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Жомарт Қоспанов арнайы аралап, пысықтады.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – қысқы уақытта орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын сақтау және коммуналдық салада тәулік бойы қызмет көрсетудің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Осыған байланысты аудан көлеміндегі барлық жауапты құрылымдарға алдын ала нақты міндеттер жүктеліп, тиісті техникалар мен материалдар саны есепке алынды.
Тексеру барысында коммуналдық салада қолданылатын қар тазалайтын, жол ашатын, құм себетін арнайы техникалардың дайындығы талапқа сай екені байқалды. Қызмет көрсетуші ұйымдар тарапынан тракторлар, КамАЗ, грейдер, жүк тиегіш секілді машиналардың техникалық жағдайы толық қарап-тексерілді. Әрбір техниканың қысқы режимге ауыстырылуы, майлау және жөндеу жұмыстары, қосалқы бөлшектер қоры мен жүргізушілердің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылғаны анықталды.
Сонымен қатар, аудан орталығы мен елді мекендердегі инертті материалдар қоры – құм, тұз қоспасы, қиыршық тас және тайғақтың алдын алуға арналған реагенттердің жеткілікті мөлшерде дайындалуы да назарға алынды. Қыс бойы қолданылатын бұл материалдар жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады. Коммуналдық бөлім өкілдері қазіргі таңда инертті материалдар қоры толықтырылғанын, қажет болған жағдайда қосымша көлемде алу мүмкіндігі қарастырылғанын жеткізді.
Тексеріс барысында М.Ақмұратов жауапты мекемелердің жұмыс жоспарларымен, шұғыл әрекет ету алгоритмдерімен, төтенше жағдай орын алған жағдайда халыққа хабарлау және жедел көмек көрсету тәртібімен танысып шықты. Ол тұрғындардың қауіпсіздігі – басты міндет екенін атап өтіп, барлық құрылымдардың қыстың әр сәтіне дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ал ТЖ бөлімінің бастығы Ж.Қоспанов қыс мезгілінде жиі орын алатын төтенше жағдайларға тоқталып, суық ауа райы, боран, көктайғақ, аяз және инженерлік коммуникациялардағы ақаулар кезінде қандай шаралар қолданылатынын түсіндірді. Оның айтуынша, биылғы қыста төтенше жағдайлардың алдын алу үшін алдын ала дайындық жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр.
Сонымен бірге, жауапты мекемелер арасында өзара байланыс жүйесін нығайту, шұғыл ақпарат алмасу, диспетчерлік қызметтердің тәулік бойы жұмыс істеуі және тұрғындарға қажет жағдайда жедел көмек көрсету тетіктері талқыланды. Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандардың – мектептер, балабақшалар, емдеу ұйымдары мен қарттар үйлерінің жылу жүйелері де қатаң бақылауға алынғаны атап өтілді.
Аудан әкімінің орынбасары пысықтау жиынын қорытындылай келе, барлық мекемелерге қысқы маусым басталғанға дейін кемшіліктерді дер кезінде жоюды, техникаларды толық дайындап шығуды, авариялық-қалпына келтіру бригадаларының дайындығын күшейтуді және халықпен ақпараттық жұмысты үздіксіз жүргізуді тапсырды.
«Қыс-2025» оқу-жаттығуы аясында Ордабасы ауданындағы барлық коммуналдық және төтенше жағдайлар қызметтері қысқы кезеңге әзірлігін көрсетті. Инженерлік инфрақұрылымның тұрақты жұмысы, жол қозғалысының қауіпсіздігі және тұрғындардың алаңсыз тіршілігі үшін қажетті барлық шаралар қабылданып отыр. Бұл – ауданның қыс маусымына толық дайын екенінің көрсеткіші.
