• Ср. Ноя 26th, 2025
Популярные метки

ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДА ГАЗ ҚАЗАНДЫҚТАРЫН ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Автор:admin

Ноя 26, 2025
Түркістан облысы, Кентау қаласының арнайы экономикалық аймағында газ қазандықтарын шығаратын өндіріс орны іске қосылды. Жобаны іске асыруға «TURAN Shenhua» ЖШС 2,4 млрд.теңге инвестиция салуда. Кәсіпорынның жалпы ауданы 2500 шаршы метрді құрайды. Өндіріс орнында жылына 30 мың дана газ қазандықтары шығарылады. Бұл өнімдер нарықта үлкен сұранысқа ие. Жаңа зауыт қаланың 40 азаматын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, экономиканы дамытуға үлес қосары сөзсіз.
Түркістан облысы әкімдігінің басшылық құрамы іс шараға арнайы қатысып, жобаның жұмысына сәттілік тіледі.
– Бүгін біз Түркістан облысы үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін аса маңызы зор жобаның басталуына куә болып отырмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта кәсіпкерлік саласына инвесторлар тартып, дамытуды тапсырды. Осы бағытта Түркістан облысында нақты жұмыстар қолға алынып, инвесторлармен келіссөз жүргізілді. Соның нәтижесінде, Кентауда газ қазандықтарын шығаратын зауыт ашылып отыр. Осы орайда, жобаны жүзеге асырған инвесторларға алғысымды білдіремін. Жаңа бастамаға сәттілік тілеймін! – деді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, Кентау қаласында арнайы экономикалық аймақ және индустриалды аймақ жұмыс істейді. Одан бөлек, «Қарнақ» шағын өнеркәсіп паркін ашуға 9,3 гектар жер бөлінді. АЭА-ның жер көлемі – 35 гектар. Инфрақұрылыммен қамтылған. Бұл аймақта 2 жоба жүзеге асырылған. Атап айтқанда, «KentauRedStar» ЖШС кірпіш шығару зауыты және «Темір бетон» ЖШС темір бетон бұйымдарын жасау кәсіпорыны толық іске қосылған. Биыл 5 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, 150 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Индустриалды аймақтың жалпы ауданы – 43 гектар. Онда 10 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде, 309 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Бұл аймақтарға инвесторлар тарту, өндіріс орындарын ашу жұмыстары жалғасуда.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *