«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында бүгін Ордабасы ауданының орталығында кең көлемді санитарлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шара аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес өткізілді және оның басты мақсаты – елді мекендердің тазалығын жақсарту, қоғамдық орындардың экологиялық жағдайын күшейту, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру болды.
Тазалық акциясына ауыл округі әкімдіктерінің қызметкерлері, аудандық бөлімдердің мамандары, жастар ресурстық орталығының белсенділері, сондай-ақ ауылдың жауапкершілікті тұрғындары атсалысты. Сенбілікке шығып, ортақ іске үлес қосқан әр азамат туған жердің табиғатына жанашырлық танытып, қоғамға пайдалы бастаманы бірге жүзеге асырды. Бұл – Ордабасы өңірінде қалыптасқан қоғамдық бірліктің жарқын көрінісі.
Тазалық жұмыстары ПМК аумағын толық қамтыды. Атап айтқанда, қоғамдық орындар, көше бойлары, жаяу жүргіншілер жолдары, арық-атыздар, бос жатқан аумақтар ретке келтірілді. Сенбілік барысында 10 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Оның ішінде жүк көліктері, шөп шабатын агрегаттар, тракторлар мен тазалау машиналары бар. Нәтижесінде 5 шақырымнан астам көшенің бойындағы қураған шөптер шабылып, бірнеше тонна қоқыс арнайы полигондарға шығарылды.
Су жүретін арықтар мен каналдардың да жағдайы назардан тыс қалған жоқ. Су өткізу жүйелері тазартып, су айналымы қалпына келтірілді. Бұл әсіресе алдағы көктемгі маусымда көше бойының суға толып қалуын болдырмауға ықпал етеді. Сонымен қатар жол жиектері, қоқыс тастау орындары, ағаш түптері реттеліп, жалпы аумақтың санитарлық жағдайы айтарлықтай жақсарды.
Сенбілік барысында тұрғындар тазалық мәдениеті жөнінде ақпараттандырылды. Қоршаған ортаны қорғаудың маңызы, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптаудың пайдасы, табиғатты сақтау баршаның азаматтық борышы екендігі түсіндірілді. Іс-шараға қатысқан жастар белсенділігі ерекше атап өтілді. Олар аумақты тазартумен қатар, тұрғындарға экологиялық мәдениетті насихаттап, «Таза орта – таза қоғам» қағидасын қолдауға шақырды.
Акция соңында ұйымдастырушылар сенбілікке атсалысқан барлық азаматтарға алғыс білдіріп, мұндай шаралардың елді мекеннің көркін арттыруда ерекше рөл атқаратынын жеткізді.
– «Бұл сенбіліктің негізгі мақсаты – аудан аумағының санитарлық жағдайын жақсарту, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді көркейту. Тазалық – мәдениетті қоғамның айнасы. Бүгінгі сенбілікке үлес қосқан әрбір азаматқа шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Ортақ істі жалғастырып, ауданымызды бірге көркейтеміз», – деді ұйымдастырушылар.
Тазалық акциясы алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады. Аудан басшылығы «Таза Қазақстан» бастамасын тұрақты түрде жүргізуді, тұрғындарды кең көлемде тартуды және экологиялық мәдениетті арттыруды басты бағыттардың бірі ретінде қарастырып отыр. Себебі, экологиялық ахуал – әрбір азаматтың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор.
Ордабасы ауданының тұрғындары үшін бұл сенбілік тек бір реттік шара емес, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыратын, ұрпаққа үлгі боларлық игі бастама болды. Қоғам болып жұмылғанда ғана таза, қауіпсіз, жайлы орта қалыптастыруға болатынын уақыт дәлелдеп отыр.
