Бүгінгі қарқынды өзгеріп жатқан еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болу тек дипломға емес, нақты кәсіби дағдыға, икемділікке, технологияны меңгеруге және еңбек мәдениетіне тікелей байланысты. Қазақстанда 2029 жылға дейінгі еңбек саясатын жаңарту, халықтың кірісін арттыру, кадр даярлаудың жаңа моделін енгізу – жастардың болашағына бағытталған стратегиялық бастамалардың бірі. Бұл бағытта аудандық деңгейде де ақпараттық-түсіндіру, кәсіби бағдар беру, еңбек дағдыларын дамытуға бағытталған іс-шаралар күшейіп келеді.
Осы мақсатта Ордабасы ауданының білім беру ұйымдарында жастарға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтармен таныстыру және жаңа кадр даярлау жүйесінің артықшылықтарын жеткізуге арналған кездесулер ұйымдастырылуда. Мұндай шаралардың түпкі идеясы – жасөспірімдерге ерте жастан дұрыс кәсіби бағдар беру және олардың еңбек өміріне бейімделуіне жол ашу.
Мемлекет «Келешек» бірыңғай жинақтаушы жүйесін, кадр даярлаудың жаңа үлгісін, еңбек қауіпсіздігін арттыру шараларын енгізе отырып, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруді басты міндет ретінде қойып отыр. Жаңа модель бойынша білім беру мекемелерінде практикалық оқытудың үлесі артады, өндіріс орындарымен серіктестік күшейеді, ал түлектер нақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілу мүмкіндігіне ие болады. Бұл – қазіргі заман талаптарына толық жауап беретін қадам.
Сонымен қатар, колледж студенттеріне еңбек құқығы, жұмысқа орналасу ережелері, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау тетіктері және «Еңбек адамы» тұжырымдамасы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Адалдық, әділеттілік, жауапкершілік сияқты құндылықтарды қалыптастыру да кадр даярлаудың маңызды бөлігі саналады. Жас маман тек кәсіби білікті емес, сонымен бірге парасатты, еңбек этикасы жоғары азамат болуы тиіс.
Жаңа кадрлық модельдің басты өзегі – жастарды нақты нарық талабына бейімдеу. Елімізде индустрия, агроөнеркәсіп, қызмет көрсету, ІТ, логистика бағыттарында мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Бұл салаларға білікті мамандар ауадай қажет. Сол себепті мемлекет жастарға арналған көптеген мүмкіндіктер ұсынады: тегін техникалық білім, дуальды оқыту, гранттар, кәсіпкерлік бастауға арналған жеңілдетілген бағдарламалар, алғашқы жұмыс орны жобасы және тәжірибеден өтуге жағдайлар.
Мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне осындай ақпаратты жеткізу – олардың саналы таңдау жасауына әсер ететін маңызды жұмыс. Өйткені дұрыс таңдалған мамандық – тұрақты табыстың, өз-өзіңді дамытудың және елге пайдалы болудың кепілі.
Қазіргі кезде еңбек нарығына тек теориялық біліммен шығу жеткіліксіз. Жастар өндірістік тәжірибеден өтіп, заманауи технологияларды меңгеріп, цифрлық дағдыларын жетілдіруі қажет. Кадр даярлаудың жаңа моделі білім беру мен өндірісті біріктіре отырып, жастарды нақты өмірге бейімдеу міндетін алға қояды. Бұл модельдің енгізілуі өңірлердегі кадр тапшылығын азайтып, ел экономикасының сапалы дамуына серпін береді.
Жалпы алғанда, еңбек дағдыларын дамытуға бағытталған жергілікті деңгейдегі әрбір кездесу – болашақ жұмысшы буынды қалыптастыруға қосылған маңызды үлес. Жастарға еңбек құндылықтарын сіңіру, оларға дұрыс бағдар беру, қолжетімді бағдарламаларды түсіндіру – ауданның да, елдің де әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін аса қажет.
Өз мамандығын ерте таңдаған, еңбекке бейімделген, білікті әрі жауапты жас – Қазақстанның болашағын қалыптастыратын негізгі күш. Мемлекет тарапынан ұсынылып отырған барлық мүмкіндіктерді жастар дер кезінде пайдаланып, кәсіби дамуды басты мақсатқа айналдырса, елдің кадрлық әлеуеті күшейіп, ұлттық экономика жаңа деңгейге көтеріледі.
