• Вс. Дек 21st, 2025
Популярные метки

ОРДАБАСЫ: ТӨРТКҮЛ ЖӘНЕ ҚАРАҚҰМ АУЫЛ ОКРУГТЕРІНДЕ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Автор:admin

Ноя 21, 2025

Ордабасы ауданында аудан әкімі Азат Оралбаев Төрткүл және Қарақұм ауыл округтерінде тұрғындарымен кезекті есепті кездесу өткізді. Кездесу барысында аудан басшысы алдымен ағымдағы жылдың 9 айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндап, ауыл округтерінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.

Төрткүл ауыл округіндегі жұмыстар:
Төрткүл ауыл округінде биылғы жылға бюджет 135 млн 466 мың теңге болып бекітіліп, өзіндік кірістер 98,3 млн теңгеге артты. Жыл басынан бері тұрғындар көтерген 14 мәселенің 6-сы толық шешімін тапса, 8 ұсыныс бақылауға алынды. Округ тұрғындары үшін Нұра ауылына ойын алаңшасы салынды, Ақсары ауылы көшелеріне тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Ақсары, Спатаев, Төрткүл ауылдарында жаңа балалар ойын алаңшаларының құрылысын аяқтау, ауыз су жүйелерін жаңарту, «ҚазПочта» мекемесінің жылыту жүйесін ретке келтіру, Нұра ауылының орталық көшесіне жарық орнату және ішкі көшелерге тас төсеу жобалары іске асырылуда.

Ауылдық жерлерде су үнемдеу технологиясы енгізіліп, 168 гектар жер қамтылды. Агроөнеркәсіп кешеніне 1,4 млрд теңге инвестиция тартылып, 26 техника мен шағын мал қоралар алынды. Электр энергиясын жаңарту аясында Көкарал елді мекеніндегі трансформатор мен желілер жаңартылуда, ал 3 елді мекенде 6 көшедегі электр желілері мен бағаналары жаңартуға дайындалуда. Табиғи газбен қамту бойынша Жайылма, Арыстанды және Ақсары ауылдарында құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жыл соңына дейін қосылатын болады.

Ауыз су жүйелері бойынша Қызылжар елді мекенінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Төрткүл және Көкарал-Еңбекші елді мекендерінің ауыз су жүйесін қайта құру үшін жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленді. Білім саласында Елшібек батыр ауылында 200 орындық мектеп пайдалануға беріледі. Санитарлық сенбіліктер барысында 3 000-нан астам тұрғын, сондай-ақ 15 техника жұмылдырылып, 2 200 көшет отырғызылды.

Қарақұм ауыл округіндегі жұмыстар:
Қарақұм ауыл округінде жыл басынан бері тұрғындар көтерген 4 мәселенің 3-еуі шешімін тапты, ал 1 бақылауға алынды. Ауыл округінің биылғы бюджеті 96,02 млн теңгені құрап, өзіндік кірістері 13,564 млн теңгеге жетті. «Құрманбек» каналының 3,5 шақырымы және Р-7 каналдың 2 шақырымы механикалық тазалаудан өткізілді. Тамшылатып суару технологиясы 28 гектар жерге енгізілді. Агроөнеркәсіпке 95 млн теңге инвестиция тартып, шағын мал қора мен 4 техника сатып алынды. Ауылдағы ашық футбол алаңының құрылысына қосымша қаржы қарастыру жұмыстары жүргізілуде.

Кездесу барысында тұрғындар өзекті мәселелерді көтерді: ауыз су, тротуар, жолдарды асфальттау, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздік, балалар ойын алаңшалары, санитарлық тазалық, ветеринария, ағын су тарифі, ономастика және ойын алаңшалары жөніндегі сұрақтар қаралды. Барлық мәселелер бойынша ауылдық округ әкімдігі мен жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Жиын қорытындысында аудан әкімі Азат Оралбаев қоғамдық жауапкершіліктің, қоршаған ортаны таза ұстаудың әрбір азамат үшін маңызды екенін атап өтті. Ол тұрғындарды ауыл әкімдігімен бірлесіп жұмыс істеуге, аумақты дамытуға үлес қосуға, көгалдандыру және санитарлық тазалыққа қатысуға шақырды.

Кездесу барысында көтерілген мәселелер мен атқарылған жұмыстар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға, ауылдық жердегі әлеуметтік жобаларды тиімді іске асыруға бағытталған. Аудан әкімі тұрғындардың сұрақтарына нақты жауап беріп, алдағы кезеңде шешімін табуы тиіс жұмыстарды белгіледі.

Осындай кездесулер ауылдық округтердің дамуын жандандырып, тұрғындардың өз өміріне жауапкершілікпен қарауына, жергілікті инфрақұрылым мен әлеуметтік қызметтерді жетілдіруге мүмкіндік береді. Төрткүл және Қарақұм ауыл округтерінде жүзеге асырылып жатқан жобалар тұрғындардың тұрмысын жақсартып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді іс-шаралар болып табылады.

Аудан әкімдігі алдағы уақытта да тұрғындармен жүйелі кездесулер өткізіп, әлеуметтік-экономикалық дамуды бақылауды күшейтуді, қоғамдық жауапкершілік пен көгалдандыруға үлес қосуды тұрақты түрде ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *