• Вт. Дек 23rd, 2025
Популярные метки

Елімізде келесі жылдан бастап «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы іске қосылады

Автор:admin

Ноя 13, 2025

Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен экономиканың басым бағыттары бойынша жүзеге асырылатын «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы аясында жобалар пулын қалыптастыру мәселесі талқыланды. Жиынға орталық мемлекеттік органдар, өңірлердің әкімдері, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі және салалық ұйымдар қатысты.

«Инвестицияға тапсырыс» – келесі жылдан бастап іске қосылатын, Қазақстан экономикасында жаңа серпін қалыптастыруды көздейтін стратегиялық мемлекеттік бастама. Бағдарлама халық арасында жоғары сұранысқа ие, қазіргі уақытта импорт арқылы жеткізілетін немесе ішкі нарықта тапшылығы сезілетін тауарларды ел ішінде өндіруге басымдық береді. Негізгі бағыттар – агроөнеркәсіп кешені және өңдеу өнеркәсібі. Бұл салаларда тұтыну тауарларын өндіруді арттыру, импорт үлесін азайту және экспортқа бағдарланған өндірістерді қалыптастыру – басты міндет.

Үкімет мәліметінше, бағдарлама шағын және орта кәсіпкерлікке ғана емес, жеке сектордағы ірі бизнеске де арналған. Инвестициялық жобаларды қолдау тетіктері «Бәйтерек» холдингі арқылы жүзеге асады. Холдинг жобалардың экономикалық тиімділігін талдап, қаржыландырудың қолайлы түрлерін ұсынады. Бұл өз кезегінде бизнестің ұзақмерзімді, тұрақты жобаларға инвестиция салуына мүмкіндік бермек.

Жиында өңірлердің өндірістік әлеуетіне жасалған алдын ала талдау нәтижелері таныстырылды. Әр облыс пен республикалық маңызы бар қала өз аймағында іске асыруға қабілетті нақты жобалар мен кәсіпорындарды ұсынған. Бұл тәсіл өңірлердің ерекшеліктері мен экономикалық бағыттарына сәйкес келетін бастамаларды іріктеуге мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, агроөнеркәсіп кешені бойынша инвестициялық жобалар портфелі жасақталды.

«Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен бірлесіп, өңірлердің өндірістік әлеуетіне терең талдау жүргізілді. Соның нәтижесінде АӨК бағытындағы инвестициялық портфель қалыптастырылып, оған жалпы құны 4,3 трлн теңгені құрайтын 202 ірі жоба енді», – деді вице-министр.

Бұл жобалар тамақ өнеркәсібінен бастап, қайта өңдеу, мал және өсімдік шаруашылығы, сақтау және логистика жүйесіне дейінгі салаларды қамтиды. Мамандардың айтуынша, аталған бастамалар ішкі нарықтың тұрақтылығын арттырып қана қоймай, отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді. Сонымен бірге ауылдық аумақтарда жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірлердің экономикалық белсенділігі өседі деп күтілуде.

Кеңесте бағдарламаны іске асырудың кезеңдік жоспары да қарастырылды. Ең алдымен өңірлер ұсынған жобалар сараптамадан өтіп, экономикалық тиімділігі бағаланады. Одан кейін перспективалы бағыттар бойынша нақты инвесторлар анықталып, қаржыландыру құралдары ұсынылмақ. Соңғы кезеңде жобаларды сүйемелдеу, мониторинг жүргізу және өндірісті іске қосу жұмыстары жүзеге асырылады.

Үкімет өкілдерінің айтуынша, «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы ел экономикасының әртараптануына, шикізатқа тәуелділікті азайтуға және өңдеу секторын күшейтуге айтарлықтай үлес қосады. Бағдарлама толық іске қосылғаннан кейін елімізде сұранысқа ие азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, химия және басқа да бағыттар бойынша жаңа өндірістер пайда болып, сырттан әкелінетін тауарлардың үлесі төмендемек.

Жиын соңында Серік Жұманғарин орталық және жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар беріп, жобалар пулын нақтылау және бағдарламаны іске асыру тетіктерін пысықтауды міндеттеді.

Толығырақ ақпаратты Primeminister.kz және Ortcom.kz ресми ресурстарынан оқуға болады.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *