• Сб. Ноя 22nd, 2025
Популярные метки

Созақ ауданының орталығында Дүйсенбек Жұмаділаұлы атындағы жабық үлгідегі кіші футбол алаңы ашылды

Автор:admin

Ноя 22, 2025

Созақ ауданының спорт инфрақұрылымы тағы бір заманауи нысанмен толықты. Аудан орталығында Дүйсенбек Жұмаділаұлы атындағы жаңа жабық кіші футбол алаңының ашылуы жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуанышқа айналды. Жасыл төсенішпен жабдықталып, қазіргі талаптарға сай салынып біткен спорттық нысан көпшіліктің спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасайды. Бұл тек спорт алаңы ғана емес, аудан жастары мен тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне, дене шынықтыру мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба.

Ашылу салтанатына жиналған жұртшылықты аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтап, жаңа нысанның қоғам өміріндегі рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік деңгейде салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар бүгінде қарқын алып, Созақ ауданында да жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Жаңа футбол алаңы – соның айқын бір көрінісі.

Сондай-ақ, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов те сөз сөйлеп, тұрғындарды қуанышымен құттықтады. Олар бұл алаңның жастар арасында спортқа деген қызығушылықты арттырып, салауатты өмір салтын дамытуға үлес қосатынын атап өтті. Ауыл ақсақалдары да игі тілектерін білдіріп, жаңа нысанның ұзақ жыл халыққа қызмет етуін тіледі. Берілген баталар – игіліктің бастауы, бірліктің белгісі ретінде әсерлі шықты.

Жобаны жүзеге асырған – жеке кәсіпкер, «Global Brok» компаниясының директоры Данияр Тоқбаев. Кәсіпкердің айтуынша, аталған спорт нысаны ел игілігі үшін салынған және ол алдағы уақытта да жастардың дамуына ықпал ететін жаңа бастамаларды қолдауға дайын. Жалпы аумағы 1250 шаршы метрді құрайтын кешен жыл бойы пайдалану үшін қолайлы етіп салынған. Жабық үлгіде болғандықтан, ауа райына қарамастан, тұрғындар спортпен тұрақты түрде айналыса алады. Бұл балалар мен жасөспірімдер арасындағы спорттық тәрбиені күшейтіп, ауданның спорт саласындағы жетістіктерін арттыруға мүмкіндік береді.

Алаңның ашылу рәсімінен кейін ересектер арасында кіші футболдан алғашқы турнирдің басталуы да мерекелік шараның ажарын аша түсті. Жарысқа 12 команда қатысып, өзара мықтыны анықтауға кірісті. Әр команда барын салып, көрермендерге қызықты ойындар сыйлауда. Бұл турнир келешекте дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, аудандық спорт өмірінің жарқын оқиғаларының біріне айналмақ.

Жаңа футбол алаңының ашылуы – Созақ ауданындағы спорт саласының дамуына жаңа серпін береді. Мұндай нысандардың көбеюі жастарды бұқаралық спортқа тартуға, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, ең бастысы – салауатты өмір салтының қалыптасуына зор ықпал етеді. Аудан тұрғындары үшін бұл тек спорт нысаны емес, ортақ қуаныш, жаңа мүмкіндіктер алаңы.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *