• Пн. Дек 22nd, 2025
Популярные метки

АЛДАҒЫ ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Автор:admin

Ноя 17, 2025

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында алдағы қысқы маусымға дайындық мәселелері жан-жақты қаралды. Жиында үш негізгі бағыт бойынша есеп беріліп, тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктелді.

Алғашқы сөз қалалық құрылыс және сәулет бөлімінің басшысы Данияр Байсейтовқа берілді. Ол қала аумағындағы нысандардың қасбеттерін ретке келтіру, заңсыз құрылыс жүргізу фактілерін анықтау және оларды жою бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.

Мәліметтерге сәйкес, Кентау қаласы мен ауылдық округтерде жүргізілген кешенді мониторинг нәтижесінде 25 нысан бойынша заңбұзушылықтар анықталған. Бұл деректер бойынша материалдар қалалық полиция бөліміне жолданып, әкімшілік шаралар қолданылған. Бүгінгі күнге дейін 16 заңсыз нысан бұзылып, 19 нысанның иелеріне айыппұл салынған. Қала келбетіне кері әсер ететін, рұқсатсыз салынған құрылыс нысандарын анықтау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе — қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің қысқы маусымға дайындығы. Бөлім басшысы Талғат Искаков қала тазалығына жауапты мекемелердің дайындық барысы туралы ақпарат берді.

Қала аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, көшелерді қардан тазалау және көктайғақтың алдын алу мақсатында қажетті техникалар толық тексерістен өткізілген. Қысқы кезеңде тұрақты жұмыс істейтін 10-ға жуық арнайы техника толық дайындықта. Сонымен қатар, үнемі кезекшілік ететін бірнеше бригада жасақталған:

  • Бірінші бригада — қала көшелерін қардан және мұздан тазалайды;
  • Екінші бригада — қураған, қауіпті және жел сындыруы мүмкін ағаштарды кесумен айналысады;
  • Үшінші бригада — жолдарға құм мен арнайы тұз себу жұмыстарына жауапты.

Жиынның қорытынды бөлімінде қала аумағындағы абаттандыру, тазалық, ретке келтірілмеген аймақтар және тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер талқыланды. Қала әкімі Жандос Тасов тиісті бөлім басшыларына жұмыстарды нақты жоспар бойынша жүйелеп, барлық анықталған кемшіліктерді жедел жоюды тапсырды.

Сонымен қатар, әкім қысқы маусымға байланысты әрбір саладағы жауапты тұлғаларға қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін уақытылы әрі сапалы жұмыс атқарудың маңыздылығын атап өтті.

Жиын соңында барлық бөлімдерге дайындық шараларын нығайтып, қыс кезеңінде туындауы мүмкін кез келген жағдайға толықтай дайын болу қажеттігі ескертілді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *