• Пт. Ноя 21st, 2025
Популярные метки

ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫНДА ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӨНІНДЕ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Автор:admin

Ноя 20, 2025

Жылу беру маусымы басталған уақытта тұрғын үйлер мен пәтерлерде өрт оқиғаларының жиілейтіні белгілі. Оның негізгі себептері — жылыту жүйелерін дұрыс пайдаланбау, пештерді өз бетінше орнату барысында қауіпсіздік талаптарының бұзылуы, электр желілері мен тұрмыстық техниканың шамадан тыс жүктелуі, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау. Тұрғын үй секторында орын алатын мұндай оқыс оқиғалар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТҮКШ) саласының тұрақтылығы мен әлеуметтік қауіпсіздікке тікелей әсер етеді.

Осыған байланысты Отырар ауданында жылу беру маусымында тұрғын үй секторларында өрт профилактикасын күшейту және ТҮКШ нысандарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында арнайы жиын өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Қ.Құнанбайұлы төрағалық етті. Іс-шара барысында жылу маусымында орын алатын тәуекелдер, тұрғын үйлердің техникалық жағдайы, орталық және жекелеген жылыту жүйелерінің қауіпсіздігі, сондай-ақ коммуналдық инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеуі мәселелері көтерілді.

Жиында төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері мен коммуналдық сала мамандары бірлесіп, мекемелерде және тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігінің алдын алу жұмыстарының маңызын түсіндірді. Мамандардың айтуынша, өрттердің басым бөлігі азаматтық қорғау саласының бақылауынан тыс нысандарда — яғни жеке тұрғын үйлер мен жеке меншік құрылыстарда тіркеледі. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін толық сақтамауы мен тұрмыстық жауапкершілік деңгейінің төмендігін көрсетеді.

Сондай-ақ жиын барысында улы газбен уланудың алдын алу мәселесі кеңінен сөз болды. Қыс мезгілінде газ генераторларын, отын жағатын пештерді, газ плиталарын дұрыс бақыламау салдарынан көміртегі тотығымен улану жағдайлары жиілейтіні атап өтілді. Мамандар тұрғындарға желдету жүйесін үнемі тексеріп отыруды, түтін мұржаларын уақытылы тазалау қажеттігін, өздігінен орнатылған газ құрылғыларын пайдаланбауды қатаң ескертті.

Өрт — тілсіз жау. Ол тек тұрғын үйге ғана емес, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТҮКШ) жүйесіне де үлкен қауіп төндіреді. Бір ғана өрт оқиғасы электр желілерінің, су құбырларының, жылу жүйелерінің істен шығуына себеп болып, тұтас ықшамаудандардың қалыпты тіршілігін бұзуы мүмкін. Сондықтан ТҮКШ меңгерушілері, пәтер иелері кооперативтері (ПИК), сервистік компаниялар және жеке меншік тұрғындар бірлесе отырып қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауы тиіс.

Жиында сондай-ақ тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізудің маңыздылығы айтылды. Әсіресе шалғай елді мекендерде орналасқан тұрғын үйлердің пештері мен электр құрылғыларын тексеру, ескірген сымдарды ауыстыру, газ қондырғыларының техникалық жағдайын бақылау мәселелеріне ерекше назар аудару тапсырылды.

ТҮКШ қызметкерлеріне, учаскелік инспекторларға және ауылдық округ әкімдіктеріне келесі міндеттер жүктелді:

  • тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі бойынша рейдтік шараларды жиілету;
  • тұрғындарға пеш жағу және газ құрылғыларын пайдалану ережелерін түсіндіру;
  • жылу жүйелерінің қысқа дайындығын бақылау;
  • тұрғындарға темір пештердің, электр қыздырғыштардың, газ құрылғыларының қауіптілігі жөнінде ақпарат беру;
  • әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлерін тексеріп, қауіпсіздік жабдықтарын орнатуға ықпал ету.

Сонымен бірге жиында Отырар ауданында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту, оның ішінде инженерлік инфрақұрылымның қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету, су және жылу жүйелерінде апаттың алдын алу, тұрғындар арасында жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру қажеттігі айтылды.

Коммуналдық қызметтер мен төтенше жағдайлар басқармасының мамандары аудан тұрғындарын қауіпсіздік талаптарын сақтау — тек құзырлы органдардың ғана емес, әр азаматтың ортақ міндеті екенін еске салды. Әрбір үй иесі жылу маусымына дайындықты дер кезінде жасап, өз қауіпсіздігі үшін қажетті шараларды қабылдауы тиіс.

Осындай кешенді жұмыстар тұрғын үй секторында өрттің алдын алуға, коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуіне және аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *