• Вт. Дек 23rd, 2025
Популярные метки

ЕСІМІ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН ҰСТАЗ

Автор:admin

Ноя 13, 2025

ҚҰТЫМ ОРДАБАЕВТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ТАНЫМДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Отырар аудандық мәдениет сарайында қазақ руханияты мен білім саласының көрнекті өкілі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Отырар ауданының Құрметті азаматы Құтым Ордабаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Есімі аңызға айналған ұстаз» атты кең көлемді танымдық конференция өтті. Ұстаздық жолын ұлт болашағына арнаған ардақты тұлғаның өмір жолын дәріптеуге бағытталған бұл басқосу – ауданның мәдени-рухани өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болды.

Шараның модераторы Сағынтай Құттыбай жиналғандарды конференцияның мақсатымен таныстырып, Құтым Ордабаевтың саналы ғұмырға арқау еткен педагогикалық жолының ел дамуына қосқан үлесін атап өтті. Жиын аясында ұстаздың өмірінен сыр шертетін, архив материалдары мен естеліктер негізінде дайындалған «Ақталған үміт» атты деректі фильм көрермен назарына ұсынылды. Фильмде ұлағатты ұстаздың қызмет жолы, адамдық болмысы мен адами құндылықтарды дәріптеген ұстанымы кеңінен ашылған.

Іс-шараны Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов ашып, Құтым Ордабаевтың өңірдегі білім беру жүйесінің қалыптасуына қосқан үлесін, бірнеше буынға бағыт-бағдар берген ұстаздық қызметін ерекше атап өтті. Олар ардагердің еңбегі бүгінгі білім саласында еңбек етіп жүрген жас мамандар үшін үлгі екенін жеткізді.

Конференция барысында ҚР Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров сөз алып, Құтым Ордабаевтың ел игілігіне сіңірген еңбегі мен азаматтық келбеті туралы кеңінен тоқталды. Сонымен бірге Сенат Төрағасының арнайы құттықтау хатын табыстап, ұстаздың даналыққа толы өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге екенін жеткізді.

Шарада мемлекет және қоғам қайраткерлері Досыбай Шерімқұлов, белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева, қоғам қайраткерлері Серікжан Сейітжанов, Орынбай Рахманбердиев, Болат Жылқышиев, Дархан Мыңбай сияқты елге белгілі тұлғалар сөз сөйлеп, ұстаз туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Олар Құтым Ордабаевтың адами болмысына, парасат-пайымына, өз ісіне адалдығына тоқталды.

Сонымен қатар конференцияға Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, белгілі заңгер Бекет Тұрғараев, Түркістан облысы ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов және Отырар ауданының Құрметті азаматы Мырзахмет Темірбеков қатысып, ұстаздың артына қалдырған жарқын мұрасы жайлы құнды пікірлер айтты.

Шара барысында дәстүрлі әндер шырқалып, Құтым Ордабаевтың педагогикалық көзқарастары мен өмірлік ұстанымына арналған мазмұнды баяндамалар оқылды. Қатысушылар ұлағатты ұстаздың өнегелі жолы ұрпақ санасында мәңгі сақталатынын атап өтті.

Құтым Ордабаев – бүкіл саналы ғұмырын Отырар өңірінің оқу-ағарту саласын дамытуға арнаған тұлға. 1959–1987 жылдары аудандық оқу бөлімін басқарып, өңірдегі мектептердің материалдық базасының нығаюына, жаңа білім беру стандарттарының енгізілуіне, мұғалімдер құрамының кәсіби деңгейінің артуына зор еңбек сіңірді. Ол – «Құрмет белгісі» орденінің, Қазақ КСР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасының, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, халық құрметіне бөленген жан.

Конференция соңында ардақты ұстаздың ұлы, қоғам қайраткері Бақытжан Ордабаев қорытынды сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырушыларға және жиналған қауымға алғысын білдірді. Ол әкесінің өмірлік ұстанымдары мен адамгершілік қасиеттері бүгінгі қоғам үшін де өзекті екенін атап өтті.

 

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *