• Ср. Ноя 19th, 2025
Популярные метки

ОТЫРАР АУДАНЫНДА ХІІІ-ШІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БОКСТАН ТУРНИР ӨТТІ

Автор:admin

Ноя 17, 2025

Отырар ауданының 90 жылдығына орай, Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Отырар аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ 2025 жылдың 11–15 қараша күндері Шәуілдір ауылындағы «Оқсыз» спорт кешенінде Ұлы Отан соғысының ардагері Төлеген Омаровты еске алуға арналған 2011–2012 ж.т жасөспірімдер арасындағы бокстан ХІІІ-ші республикалық турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырды.

Бұл турнир тек спорттық жарыс қана емес, ел намысын қорғайтын жас боксшылардың шеберлігін шыңдайтын, болашақ чемпиондардың қанатын қатайтатын маңызды алаң болып табылады. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен талантты былғары қолғап шеберлері жиналып, өзара мықтыны анықтайды. Турнирдің өткізілуі жас спортшылардың бойына төзімділік, батылдық, әділдік сезімін қалыптастыруға және олардың кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған.

Ашылу салтанаты мерейлі шараның мәнін арттырды. Жарыстың ресми ашылуында Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов құттықтау сөз сөйлеп, турнирдің маңызына тоқталып, жас спортшыларға зор сенім артатынын жеткізді. Өз сөзінде ол:
— «Бүгінгі жарыс – жас буынның шынығып, ерік-жігерін қалыптастыруға үлкен мүмкіндік. Былғары қолғапты серік еткен өрендерге тек жеңіс тілеймін. Спорттың дамуына бағытталған бастамалар әрқашан қолдауға ие болады» — деп, қатысушылар мен бапкерлерге сәттілік тіледі.

Тартысты кездесулер – нағыз шынайы бәсекелестік алаңы. Турнир барысында әр салмақ дәрежесінде жас спортшылар жоғары дайындық пен шеберлікті көрсетті. Кейбір жекпе-жектер ерте аяқталса, енді біреулері соңғы секундтарға дейін созылған шиеленісті айқасқа айналды. Осы сайыста Отырар аудандық №1 БЖСМ тәрбиеленушілері өз шеберліктерін дәлелдеп, жүлделі орындардан көрінді.

Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

  • Мелдехан Нұрасыл, 64 кг – І орын (Жаттықтырушысы: Смайл Ерлан)
  • Мұхтар Бекарыс, 70 кг – І орын (Жаттықтырушысы: Смайл Ерлан)
  • Шертаев Жасұлан, 37 кг – ІІІ орын (Жаттықтырушысы: Тұрар Еркебұлан)
  • Рысбай Жігер, 49 кг – ІІІ орын (Жаттықтырушысы: Смайл Ерлан)
  • Темірәлі Жантөре, 52 кг – ІІІ орын (Жаттықтырушысы: Смайл Ерлан)
  • Абдуллаев Мадияр, 58 кг – ІІІ орын (Жаттықтырушысы: Смайл Ерлан)
  • Сейдахмет Нұрсұлтан, 70 кг – ІІІ орын (Жаттықтырушысы: Тұрар Еркебұлан)

Бұл жеңістер тек спортшылардың еңбекқорлығының жемісі ғана емес, олардың бапкерлерінің жүйелі жұмысы мен табанды жаттығу үдерісінің нәтижесі болып табылады.

Жеңімпаздарды марапаттау сәті ерекше әсер қалдырды. Жарыс қорытындысында Отырар аудандық №1 БЖСМ басшысы М.А. Қашқынов спортшыларды құттықтап, олардың болашақта халықаралық жарыстарда да топ жаратынына сенім білдірді. Ол:
— «Әр жетістік – еңбектің, табандылықтың, тәртіптің нәтижесі. Біз жастарды қолдауды жалғастырып, олардың үлкен аренаға шығуына жағдай жасай береміз» — деді.

Қорытындылай келе, бұл турнир Отырар ауданының 90 жылдық мерейтойын айшықтап, аудан спортының дамып келе жатқанын көрсетті. Жас боксшылардың еңбекқорлығы, бапкерлердің ізденісі және спорт мектебінің қолдауы олардың болашағының жарқын болуына жол ашты.

Барлық қатысушыларға жаңа жеңістер, биік шыңдар және жарқын болашақ тілейміз! Отырар спортының абыройы арта берсін!

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *