• Вт. Ноя 18th, 2025
Популярные метки

 АНАЛАРҒА «АЛТЫН АЛҚА» ТӨСБЕЛГІСІ ТАБЫСТАЛДЫ

Автор:admin

Ноя 18, 2025

Отырар аудандық әкімдігінің мәжіліс залында ерекше құрметке толы салтанатты жиын өтті. Шара барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Сейітқұл Қыдырбай Құнанбайұлы көпбалалы аналарды қабылдап, оларға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан мемлекеттік наградаларды табыстады. Бұл – аудан деңгейінде аналар еңбегіне көрсетіліп отырған жоғары құрметтің бірі.

Іс-шараның негізгі мақсаты – көпбалалы аналардың қоғам алдындағы өлшеусіз еңбегін бағалау, ел демографиясына қосқан үлесін мойындау, ана мәртебесін арттыру және көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясатты насихаттау.

Салтанатты жиынды ашқан Сейітқұл Құнанбайұлы барша аналарды мерекемен құттықтап, мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға жасалып жатқан қамқорлық пен қолдау жайлы кеңінен тоқталды.
— «Ана – адамзат өркениетінің бастау бұлағы, рухани тәрбие мен ұлттық құндылықтардың сақшысы. Сіздер ел ертеңін тәрбиелеуде үлкен жауапкершілік арқалап отырсыздар. Бала санының көп болуы – тек отбасының ғана емес, тұтас ұлттың демографиялық әлеуетін күшейтетін баға жетпес еңбек», — деді аудан басшысы.

Қазақстанда жеті және одан да көп бала тәрбиелеген аналарға – «Алтын алқа», ал алты бала тәрбиелеген аналарға – «Күміс алқа» төсбелгілері табысталады. Бұл марапат қоғамдағы отбасы институтын нығайтуға және аналар мәртебесін арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі болып табылады.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 14 қазандағы №1044 Жарлығы негізінде Отырар ауданынан 2 ана «Алтын алқа», 6 ана «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталды. Оларға арнайы төсбелгі, куәлік, гүл шоқтары және естелік сыйлықтар табысталды. Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен әйелдер кеңесі өкілдері де сөз сөйлеп, аналардың қоғам мен отбасындағы рөлін ерекше атап өтті.

Жиын соңында марапат иегерлері осындай құрмет көрсеткені үшін мемлекетке және аудан басшылығына алғыс білдіріп, тәрбиелеп отырған ұрпақтарының елге адал қызмет етіп, мемлекеттің дамуына үлес қосатын азамат болып өсетініне сенім білдірді.

Бүгінде Отырар ауданында:

  • 66 «Батыр ана»,
  • 677 «Алтын алқа» иегері,
  • 1333 «Күміс алқа» иегері,
  • 134 «Ана даңқы» орденінің иегері тіркелген.

Бұл көрсеткіштер Отырар өңіріндегі демографиялық өсімнің жоғары екенін, ұлттық құндылықтар мен отбасы дәстүрінің берік сақталғанын дәлелдейді. Сонымен қатар, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақылар, әлеуметтік қолдау шаралары және жаңа форматтағы мемлекеттік қызметтер туралы ақпарат ұсынып, аналардың сұрақтарына жауап берді.

Шара соңында көпбалалы аналарға арналып мерекелік қабылдау ұйымдастырылып, естелік суреттер жасалды.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *