Отырар ауданында 15 қараша — Ұлттық теңге күні және Қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өткізілді. Бұл атаулы күн еліміздің экономикалық тәуелсіздігін айқындайтын, ұлттық құндылығымыздың бірі саналатын теңгенің тарихын дәріптеу және қаржы саласы мамандарының еңбегін бағалау мақсатында ұйымдастырылды. Шара аудандық мәдениет үйінде өтіп, оған аудан әкімінің орынбасары А. Құлмаханов, аудандық мәслихат төрағасы У. Ұзақов, қаржы және экономика саласының ардагерлері, бөлім қызметкерлері, мемлекеттік мекеме өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Салтанатты жиынның ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары А. Құлмаханов ұлттық валютаның еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен қаржылық дербестігін қалыптастырудағы орнына тоқталды.
«Ұлттық теңге – тәуелсіз еліміздің ең басты және мәртебелі рәміздерінің бірі. 1993 жылы төл валютамыздың қолданысқа енгізілуі жас мемлекетіміздің дербес қаржылық саясатын жүргізуіне, ұлттық экономиканы реттеу тетіктерін қалыптастыруына және халықаралық қаржы нарығына дербес субъект ретінде шығуына жол ашты. Бүгінде қаржы саласында қызмет етіп жүрген әріптестеріміз ауданның экономикалық тұрақтылығы мен даму қарқынын қамтамасыз етуде үлкен еңбек атқарып келеді», — деді ол.
Мерекелік жиында аудандық мәслихат төрағасы У. Ұзақов та құттықтау лебізін білдіріп, сала мамандарының кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің арқасында ауданда жыл сайын әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жақсарып келе жатқанын атап өтті. Ол қаржы саласындағы жариялылық, есептілік және жоспарлаудың тиімді болуы мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі іске асуына ықпал ететінін жеткізді.
Шара барысында ауданның экономикалық дамуына үлес қосып, еңбек нәтижелерінде жоғары көрсеткішке қол жеткізген қызметкерлер марапатталды. Олар арнайы «Отырар ауданына – 90 жыл» мерекелік медалімен, Алғыс хаттармен және Құрмет грамоталарымен наградталды. Бұл игі бастама сала мамандарының еңбегін бағалау ғана емес, жас мамандар үшін ынталандыру әрі мотивациялық қадам болды.
Айта кетейік, 1993 жылы 15 қарашада Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы айналымға енгізілді. Бұл — жас мемлекеттің экономикалық тәуелсіздік бағытын нақты айқындаған тарихи шешім болды. Содан бері ұлттық валюта еліміздің қаржылық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ел экономикасының дамуына серпін берді. Бүгінде теңгеміз халықаралық деңгейде мойындалған және мемлекеттің ішкі әрі сыртқы экономикалық қатынастарының негізгі құралы болып отыр. Ұлттық валюта — тұрақтылықтың, сенімнің, бірліктің және егемендіктің нақты символына айналды.
Жиын соңында мерекелік іс-шара аудандық өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тауып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мәдени бағдарламада патриоттық әндер, ұлттық әуендер мен түрлі шығармалар орындалып, мерекенің мазмұндық атмосферасы айшықталды.
