• Вт. Дек 23rd, 2025
Популярные метки

«ТЕРРОРИЗММЕН КҮРЕС – МІНДЕТІМІЗ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Автор:admin

Ноя 13, 2025

«ТЕРРОРИЗММЕН КҮРЕС – МІНДЕТІМІЗ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Отырар ауданында дін саласындағы саясатты ақпараттық тұрғыдан сүйемелдеу және қоғамның діни сауаттылығын арттыру мақсатында жүйелі түрде профилактикалық түсіндіру іс-шаралары жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыстар аясында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музейі» қызметкерлерінің қатысуымен «Терроризммен күрес – міндетіміз» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – терроризмнің қоғамға төндіретін қауіп-қатерін жан-жақты түсіндіру, діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаларын жеткізу, жастар мен қоғам өкілдерінің ақпараттық иммунитетін қалыптастыру. Сонымен қатар, терроризм идеологиясының таралу себептерін талдау, оның әлеуметтік, психологиялық және геосаяси салдарын баяндау, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және радикалдық идеологиядан қорғау мәселелері қарастырылды.

Кездесу барысында қатысушыларға терроризм ұғымы, оның қалыптасу арналары, халықаралық және ұлттық деңгейдегі заңдық негіздері, БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдардың терроризмге қарсы күрес стратегиялары жөнінде түсіндірме берілді. Террористік актілердің әлемдік және аймақтық қауіпсіздікке әсері, қоғамның тұрақтылығы мен ел болашағына төндіретін қатері туралы нақты деректер келтіріліп, ақпараттық талдау жүргізілді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында дін саласын реттейтін мемлекеттік саясаттың басым бағыттары, экстремизмнің алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар кешені, ақпараттық түсіндіру топтарының міндеттері мен жауапкершілігі, құқық қорғау және уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл жүйесі түсіндірілді. Кездесу қатысушыларына әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттарға, радикалды мазмұндағы діни материалдарға сақ болу қажеттігі, интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық ережелері атап көрсетілді.

Шара пікірталас, сұрақ-жауап, ой алмасу форматында өтті. Қатысушылар радикалдану белгілерін анықтаудың жолдары, діни ақпарат көздерін таңдаудағы жауапкершілік, отбасындағы тәрбие мен ұлттық құндылықтардың маңызы туралы өз пікірлерін ортаға салды. Мамандар қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жиын соңында қатысушыларға дін саласындағы ресми ақпарат көздеріне жүгіну, күмәнді контент туралы тиісті органдарға хабарлау, қоғамда бейбітшілік пен келісімді нығайтуға үлес қосу жөнінде ұсыныстар айтылды. Іс-шара экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында тұрғындардың ақпараттық мәдениетін арттыруға, азаматтық ұстанымды нығайтуға және қоғамдық жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *