Отырар ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен аудан көлемінде діни тұрақтылықты сақтау, қоғам мүшелерінің діни санасын күшейту, сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында «Мәдениет – дін – ұлт – мемлекет қатынастары» тақырыбындағы арнайы семинар өткізілді. Жиынға аудандық ақпараттық-түсіндіру топ мүшелері, діни бірлестік өкілдері, ауылдық округтердегі дін саласына жауапты мамандар, идеология және әлеуметтік бағыттағы қызметкерлер, сондай-ақ жастармен жұмыс жасайтын мамандар қатысты.
Қоғамның рухани иммунитетін қалыптастыру, деструктивті діни ағымдардың алдын алу және мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды дұрыс түсіндіру – семинардың басты мақсаты болды. Бүгінгі таңда ақпараттық кеңістіктің жылдам дамуы, әлеуметтік желілер арқылы түрлі мазмұндардың шектеусіз таралуы жастардың дүниетанымына әсер етуі мүмкін. Осыған орай мамандардың діни сауаттылығы, ақпараттық сүзгілеу дағдылары және халықпен жұмыс істеу әдістері өте маңызды болып отыр.
Семинарға спикер ретінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті «Теология» факультетінің деканы, PhD доктор, профессор, белгілі теолог-ғалым Досай Тұрсынбайұлы Кенжетай шақырылды. Ғалым қатысушыларға зайырлы қоғамдағы діннің рөлі, ұлттық таным мен діни құндылықтардың сабақтастығы, радикалды идеологиялардың таралу себептері, сондай-ақ олардың алдын алу тәсілдері туралы ғылыми тұрғыда кең көлемде баяндама жасады.
Профессор өз сөзінде қазақ халқының діни бірегейлігі ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбиелік, мәдени, рухани мұралармен тығыз байланысты екенін, қазақы діни тәжірибе – төзімділікке, адамгершілікке, кеңдік пен парасатқа негізделетінін ерекше атап өтті. Ол жастардың діни білімді бейресми дереккөздерден емес, беделді теологтардан, ресми оқу орындарынан, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен діни платформалардан алуы қажет екенін айтты.
Сонымен қатар ғалым ислам тарихындағы Алтын Орда кезеңінің, Ясауийа тариқатының және түркілік дүниетанымның қазақ руханиятындағы орнын ғылыми деректер арқылы түсіндірді. Қазақ халқының дәстүрлі мұсылмандық жолы – фанатизмнен ада, ақылға негізделген, қоғамды бөлмейтін, керісінше біріктіретін бағыт екеніне тоқталды.
Жиын барысында Отырар ауданы бойынша найб имам Жүсіпов Қалдыбай Үсенұлы аудан аумағындағы мешіттер мен діни ұйымдар жұмысы, дін саласындағы түсіндіру-алдын алу іс-шаралары және жастар арасында жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар жөнінде баяндады. Ол имамдардың біліктілігін арттыру курстары, ақпараттық кездесулер, онлайн кеңестер, теріс ағым өкілдерімен жеке жұмыс форматы туралы да тоқталды.
Семинар барысында қатысушылар деструктивті діни ағымдардың әлеуметтік-психологиялық әдістері, қоғамға жасырын ықпал ету тәсілдері, интернеттегі жалған уағыздардың белгілері, ақпаратты тексеру алгоритмдері, ата-аналардың жауапкершілігі, жастармен дұрыс коммуникация жүргізу әдістері бойынша практикалық кеңестер алды.
Іс-шара соңында еркін пікір алмасу, сұрақ-жауап, пікір білдіру алаңы ұйымдастырылды. Қатысушылар семинардың тақырыбы күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе екенін атап өтіп, мұндай оқыту бағдарламаларын жүйелі өткізу қажеттігін айтты.
Семинарды қорытындылаған аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Сарсеков Ғалымжан Рысқұлұлы теолог-ғалымға аудан атынан алғыс білдіріп:
«Діни тұрақтылық – ел қауіпсіздігінің маңызды кепілі. Қоғамның рухани мәдениетін қалыптастыруда білімді, ұстанымы берік мамандардың рөлі ерекше. Бұл бағыттағы бірлескен жұмыстар жалғасады», — деді.
