• Сб. Ноя 8th, 2025
Популярные метки

Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында рейдтік шара өткізілді

Автор:admin

Окт 27, 2025

Түркістан қаласында жастар мен кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Шараны қалалық полиция басқармасы мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ бірлесіп өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзудың салдары мен заң алдындағы жауапкершілікті түсіндіру, сондай-ақ қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту болып табылады.

Рейд барысында мамандар мен тәртіп сақшылары түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың ата-анасыз немесе заңды өкілдерінсіз жүру фактілеріне, қоғамдық орындарда тәртіп бұзуға жол бермеу жағдайларына ерекше назар аударды. Қоғамдық тамақтану орындары, саябақтар мен ойын-сауық мекемелері тексерілді.

Сонымен қатар, рейд барысында жастарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптары түсіндірілді. Әсіресе, 442-бапқа сәйкес кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруіне тыйым салынатыны, бұл үшін ата-аналар немесе қамқоршылар әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны ескертілді.

Мамандар мұндай шаралар жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың бос уақытын тиімді өткізуге және қоғамға пайдалы іспен айналысуға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар, рейд барысында жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың, спорт пен мәдениетке тартудың маңыздылығы түсіндірілді.

Полиция қызметкерлері мен жастар орталығының өкілдері құқық бұзушылықтың алдын алуда ата-аналар мен оқу орындарының бірлескен жауапкершілігі ерекше рөл атқаратынын айтты. «Бүгінгі рейдтің басты мақсаты – жазалау емес, алдын алу. Біз әрбір баланың қауіпсіздігіне, әрбір отбасының амандығына мүдделіміз. Сол себепті мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады», – деді ұйымдастырушылардың бірі.

Тексеру нәтижесінде заң бұзушылыққа жол берген бірнеше жағдай анықталып, тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Кейбір жасөспірімдер ата-аналарына ескерту жасалып, оларға құқықтық кеңес берілді.

Рейдтік шара – жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Мұндай іс-шаралар құқықбұзушылықтың алдын алуға ғана емес, жастардың өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруға, заңға құрметпен қарауға және өз болашағына жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *