Түркістан қаласында өткен «TURKISTAN WORLD CRAFT FEST-2025» халықаралық қолөнершілер фестивалі жас буынның шығармашылық әлеуетін арттырып, ұлттық өнер мен заманауи мәдениетті ұштастырудың жаңа алаңына айналды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам шебер мен дизайнер бас қосқан бұл фестиваль жас қазақстандықтарға үлкен тәжірибе, шабыт және кәсіби бағыт-бағдар сыйлады.
Фестивальдің басты мақсаты – түркі дүниесінің бай мәдени мұрасын дәріптеу және ұлттық қолөнер арқылы жастарды отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа және шығармашылыққа баулу. Түркістан төрінде өткен бұл айтулы шара жастардың өнерге, заманауи мәдениетке және этно-стильге деген қызығушылығын еселеп арттырды.
Іс-шара аясында ұйымдастырылған «FASHION» этно сән көрсетілімі жас дизайнерлер үшін үлкен тәжірибе алаңына айналды. Подиумда ұсынылған этно стильдегі киім үлгілерін әзірлеуге қатысқан жас сәнгерлер ұлттық нақышты жаңа қырынан көрсетіп, дәстүр мен трендтің үйлесімін тамаша үйлестіре білді. Әрбір туындыда қазақы ою-өрнек, табиғи маталар мен заманауи пішіндердің үндестігі байқалды. Бұл – ұлттық мәдениетті жаңаша ұсынуға ұмтылған жаңа буын дизайнерлердің өзіндік қолтаңбасын айқындады.
Сән кешіне қатысқан Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің вице-президенті Айдархан Калиев жастардың ізденісін жоғары бағалап, олардың ұлттық өнерді әлемдік деңгейде таныта алатын қабілетіне ерекше тоқталды:
«Түркістан жастары бүгінде рухани құндылықтарға адал, сонымен қатар жаңашыл ойлайтын буынға айналып келеді. Этно сән мен қолөнер – олардың өзіндік ұлттық болмысын сақтай отырып, жаһандық кеңістікке шығуына мүмкіндік береді», – деді ол.
Фестивальдің ұйымдастырылуына өңірдің белсенді жастар волонтерлері мен студенттері зор үлес қосты. Олар шетелдік қонақтарды қарсы алып, экспозицияларды таныстырды, ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарына атсалысты. Бұл олардың коммуникациялық, ұйымдастырушылық және мәдениетаралық дағдыларын дамытуға жол ашты.
Жастардың осындай халықаралық деңгейдегі жобаларға қатысуы еріктілік мәдениетін нығайтып, қоғамдық жауапкершілікті арттырады. Түркістандық жас буын бүгінде тек көрермен емес, мәдени жобалардың нақты қатысушысы мен бастамашысына айналып отыр.
2025 жылы Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің шешімімен Түркістан қаласына берілген «Халықаралық қолөнершілер қаласы» мәртебесі – жас таланттар үшін үлкен мүмкіндік. Бүгінде қалада 130-дан астам қолөнерші мен жас дизайнер ұлттық өнерді жаңғыртып, өз өнімдерін халықаралық нарыққа шығаруға талпынып келеді. Бұл үрдіс шығармашылық кәсіпкерліктің дамуына және жастардың экономикалық белсенділігіне серпін беруде.
Фестивальдің мәдени бағдарламасында жастарға арналған концерт пен өнер кеші ұйымдастырылып, қазақ эстрадасының танымал әншілері Айгүл Қосанова, Айдар Тұрғанбек және Мирас Жүгінісов сахна төрінен өнер көрсетті. Кештің рухы шабыт пен бірлікті, дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімін бейнеледі.
Мұндай мәдени бастамалар жастар саясатын жүзеге асырудағы тиімді құралдардың бірі болып табылады. Олар жас мамандардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, Президенттік кадр резервіне үміткерлер үшін де өмірлік тәжірибе мен көшбасшылық қасиеттерін шыңдайтын орта қалыптастырады. Сонымен қатар фестиваль аясындағы қайырымдылық және волонтерлік қызмет қоғамда мейірімділік пен жауапкершілік мәдениетін орнықтыруға сеп болды.
«TURKISTAN WORLD CRAFT FEST-2025» – бұл тек сән мен қолөнер мерекесі емес, жастардың шығармашылық дипломатиясының жарқын көрінісі. Ол түркі мәдениетін дәріптеп қана қоймай, жас буынның инновациялық ойлауын, ұлттық рух пен заманауи көзқарастың бірлігін паш етті.
Осылайша Түркістан қаласы тағы да жас таланттардың, мәдени бастамалардың және отандық өнердің тоғысқан орталығы екенін дәлелдеді. Халықаралық фестивальдің табысты өтуі – ел жастарының мәдени және рухани дамуының, ұлттық өнердің болашағы сенімді қолда екенінің айғағы.
