Қаратау ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен жеке құраммен кешенді профилактикалық бағыттағы түсіндіру жиналысы өткізілді. Аталған іс-шара басқарма қызметкерлерінің қызметтік тәртібін нығайту, моральдық-психологиялық тұрақтылығын арттыру және қоғамда өзекті болып отырған әлеуметтік мәселелердің алдын алу мақсатында жүзеге асырылды.
Жиынға бірқатар сала өкілдері — аудандық полиция басқармасының қызметкерлері, дін істері жөніндегі бөлім мамандары, қалалық еңбек инспекциясы мен психологиялық қызметтің мамандары арнайы шақырылып, салааралық ынтымақтастық аясында ортақ тақырыптар бойынша кең ауқымды әңгіме өрбіді.
Кездесу барысында бүгінгі қоғамда аса өзекті болып отырған бірқатар маңызды мәселелер жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, суицидтің алдын алу, отбасылық зорлық-зомбылық фактілерінің жолын кесу, жол қозғалысы ережелерін сақтау, қызметтік тәртіпті бұзуға жол бермеу, сонымен қатар жеке құрамның моральдық және психологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында нақты ұсыныстар мен кеңестер берілді.
Психологиялық қызмет мамандары жеке құрамға психологиялық қысымға төтеп беру, күйзеліс жағдайларын басқару, эмоционалды күйді тұрақтандыру әдістері жөнінде пайдалы ақпарат ұсынып, интерактивті форматта тренингтер өткізді. Бұл өз кезегінде қызметкерлердің күнделікті қызмет барысында кездесетін күйзеліс жағдайларына дайын болуына, сондай-ақ ішкі мотивацияны арттыруға септігін тигізетіні атап өтілді.
Дін істері жөніндегі мамандар діни экстремизмнің алдын алу, радикалды идеологияның таралу жолдары және одан қорғану әдістері жөнінде ақпарат беріп, мемлекеттік қызметкерлердің зайырлы қоғам талаптарына сай әрекет етуінің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, олар діни сауаттылықты арттырудың қызметтік және жеке өмірде қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.
Полиция басқармасы тарапынан жол қозғалысы ережелерін сақтау, қызметтік көлік құралдарын басқару кезінде орын алуы мүмкін заңбұзушылықтардың салдары туралы айтылып, әкімшілік жауапкершілік шаралары түсіндірілді. Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында нақты мысалдар келтіріліп, тәртіп сақшылары қызметкерлерді құқықтық сауаттылықты арттыруға шақырды.
Еңбек инспекциясының мамандары еңбек тәртібі мен еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселелеріне ерекше тоқталып, мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқығын қорғау жолдарын түсіндірді. Олар сондай-ақ, қызметтік міндеттерін орындау кезінде заң талаптарын сақтау және жұмыс орнындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселелеріне де тоқталды.
Қызметтік тәртіп пен ішкі тәртіп ережелерін сақтау мәселесі де жиынның күн тәртібінен тыс қалмады. Басқарма басшылығы жеке құрам арасында тәртіп бұзушылықтың алдын алу, қызмет барысында этикалық нормаларды сақтау және мемлекеттік қызметшінің беделін түсіретін кез келген әрекеттен аулақ болу қажеттігін қатаң ескертті.
Іс-шара соңында қатысушыларға арнайы ақпараттық жадынамалар таратылып, сұрақ-жауап түрінде еркін пікір алмасу ұйымдастырылды. Қатысушылар өздерін толғандырған мәселелер бойынша сала мамандарынан нақты әрі мазмұнды жауаптар алды.
Мұндай профилактикалық бағыттағы жиындар жеке құрам арасында құқықтық және моральдық сауаттылықты арттыруға, қызметкерлердің психологиялық жағдайын тұрақтандыруға және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз. Қаратау ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғастыруды жоспарлап отыр.
