Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің аграрлық секторын жаңа деңгейге көтерудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың басты міндеті – озық агроэкономикаға көшу, бұл үкіметтің нақты және жүйелі жоспары болуы тиіс екенін айтты.
Президенттің пікірінше, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында технологиялық жаңғырту аса қажет. Ауыл шаруашылығында заманауи цифрлық шешімдерді, интеллектуалды жүйелерді және инновациялық тәсілдерді енгізу арқылы өнімділікті арттыру мен еңбек ресурстарын тиімді пайдалану мүмкіндігі кеңейеді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы жер қойнауын зерделеу және ауыл шаруашылығымен байланысты табиғи ресурстарды басқару ісін жаңғырту қажеттігін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елімізде жүргізілген аэро-геофизикалық зерттеулер ескірген, сондықтан бұл бағытты түбегейлі жаңарту қажет.
«Жер қойнауына қатысты мәліметтердің барлығын, ең алдымен, жасанды интеллект технологиясын енгізу арқылы жүйелеп, цифрландыру қажет», – деді Президент.
Бұл тапсырма еліміздің ресурстық әлеуетін тиімді пайдалануға, аграрлық саладағы ғылыми негізделген шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Цифрландыру мен жасанды интеллектті пайдалану геологиялық және агроөнеркәсіптік деректердің дәлдігі мен қолжетімділігін арттырып, саланың тұрақты дамуына жол ашады.
Осылайша, озық агроэкономикаға көшу – тек ауыл шаруашылығының емес, бүкіл ұлттық экономиканың инновациялық бағыттағы дамуының негізі болмақ.
#ПрезидентЖолдауы #Жолдау #Жолдау2025