• Ср. Окт 22nd, 2025
Популярные метки

АБАЙ АУДАНЫНДА «АШЫҚ ЕСІК КҮНІ» ӨТТІ: ОҚУШЫЛАР ҚҰТҚАРУШЫ МАМАНДЫҒЫМЕН ТАНЫСТЫ

Автор:admin

Окт 1, 2025

Шымкент қаласы Абай ауданында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына арналған «30 игі іс» республикалық акциясы аясында №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің базасында оқушылар үшін «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақ арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын үйрету және құтқарушы мамандығына деген құрмет пен қызығушылықты арттыру.
Бұл жолы іс-шараға Шымкент қаласындағы №69 жалпы білім беретін мектептің оқушылары шақырылып, олар үшін танымдық әрі әсерлі кездесу ұйымдастырылды. Балаларға төтенше жағдайлар қызметінің атқаратын жұмысы, өрт сөндірушілердің күнделікті қызметі, олардың арнайы техникалары мен құрал-жабдықтары жан-жақты көрсетілді.
Қызметкерлер оқушыларға өрт сөндіру көліктерінің құрылымын, олардың жұмыс істеу принципін және әр жабдықтың нақты мақсатын таныстырды. Арнайы тыныс алу аппараттары, өрт сөндіру шлангілері, гидравликалық құралдар мен жеке қорғаныс киімдері балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Кейбір оқушылар өрт сөндірушінің арнайы киімдерін киіп көріп, өздерін нағыз құтқарушы ретінде сезінуге мүмкіндік алды.
Іс-шара барысында оқушыларға тұрмыста, мектепте және қоғамдық орындарда қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы ақпарат берілді. Құтқарушылар өрттің алдын алу шаралары, газ және электр құрылғыларын дұрыс пайдалану, сіріңке мен отты абайсыз қолдану салдарынан туындайтын қауіптер жайында егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар төтенше жағдай туындаған кезде не істеу керектігі, 101 және 112 нөмірлеріне қалай қоңырау шалу керектігі де айтылды.
Балалар құтқарушыларға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, толық әрі нақты жауап алды. Көптеген оқушы құтқарушылардың ерлікке толы еңбегіне тәнті болып, болашақта осы мамандық иесі болғысы келетінін жасырмады.
Іс-шара соңында оқушыларға қауіпсіздік тақырыбындағы ақпараттық жадынамалар мен шағын сыйлықтар табыс етілді. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жасөспірімдер арасында тек қауіпсіздік туралы білім беріп қана қоймай, олардың бойында жауапкершілік, тәртіп, ерлік және отансүйгіштік қасиеттерді тәрбиелеуге ықпал етеді.
Абай ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары алдағы уақытта да осындай тәрбиелік бағыттағы іс-шараларды тұрақты түрде өткізу жоспарланып отырғанын айтты. Себебі болашақта ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін саналы азамат тәрбиелеу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *