• Чт. Дек 25th, 2025
Популярные метки

ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ – ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ

Автор:admin

Окт 8, 2025

Шымкент қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында «Халықтар достығы – халық қазынасы» тақырыбында мерекелік концерт өтті. Қалалық иран этномәдени бірлестігі ұйытқы болған іс-шараның мақсаты – этномәдени бірлестік өкілдерінің ұлттық мәдениеті мен өнерін жұртшылыққа көрсету арқылы ел бірлігін бекемдеу және этностар арасындағы достықты дәріптеу негізінде қоғамдық келісімді сақтау.
Мерекелік концертке қала тұрғындары, қалалық этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері қатысты.
Қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Нүркен Әлімқұлов өз сөзінде қатысушыларды құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігін бекемдеу мен бейбітшілік пен қоғамдық келісім құндылықтарын сақтаудағы рөлі туралы айтты.
– Біздің басты құндылығымыз – бірлік пен өзара құрмет. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы қағидатты басшылыққа алып, түрлі этностарды ортақ мақсатқа біріктіріп келеді. Осындай мәдени іс-шаралар достық пен сыйластықты, өзара құрметті нығайтады, – деді.
Концерт барысында қалалық иран этномәдени бірлестігінің мүшелері ұлттық әндері мен билерін орындап, көрерменге өзіндік салт-дәстүрі мен мәдени байлығын таныстыратын көріністер ұсынды. Ал өзге де қалалық этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары концертке белсене атсалысып, жиналған қауымға өз өнерлерін көрсетті.
Мерекелік іс-шара соңында концертке қатысушылар достық пен бейбітшілік символына айналған «Қазақстан – Отаным» әнін орындап, көпшіліктің алғысына бөленді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл біртұтас ұлтты қалыптастыру жолында этносаралық келісімді сақтауға бағытталған бірегей құрылым. 1995 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған бұл институт қазіргі таңда түрлі этнос өкілдерінің мүдделерін тоғыстыратын, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтатын маңызды алаңға айналды.
Шымкент – этностардың көп ұлтты шаһары ретінде ұлтаралық татулық пен мәдени әртүрліліктің көрініс табатын ерекше орны. Қалада 20-дан астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар ұлттық мерекелерді, мәдени фестивальдерді, тіл және дәстүр сабақтарын ұйымдастырып, қоғамда өзара құрмет пен сенімділікті нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.
Мұндай концерттер тек қана өнер көрсету алаңы емес, сонымен қатар рухани байланыс орнату, этностардың өзін-өзі тануы мен мәдениетін сақтау жолындағы қадам болып табылады. Әрбір этностың салт-дәстүрі мен мәдениеті – Қазақстанның ортақ тарихи-мәдени байлығы екені тағы да айқындалды.
«Халықтар достығы – халық қазынасы» атты мерекелік кеш бірлік пен ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналды. Мұндай іс-шаралар арқылы еліміздегі этностар арасындағы бейбітшілік пен келісімнің терең тамыр жайып келе жатқанына тағы да көз жеткіземіз. Бұл – болашағымыздың баянды, қоғамымыздың тұрақты дамуына негіз болатын басты құндылықтардың бірі.
#ҚХА30жыл #30летАНК #Шымкент #Shymkent #АНК #ANK

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *