• Вт. Окт 21st, 2025
Популярные метки

Денсаулық – басты байлық

Автор:admin

Сен 17, 2025

Күз және қыс мезгілдерінде тұрғындар арасында вирустық аурулардың, әсіресе жіті респираторлық-вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) таралуы жиілейтіні белгілі. Осыған орай, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде жеке құрам арасында инфекциялық аурулардың алдын алуға бағытталған санитарлық-профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Іс-шараның негізгі ұйымдастырушылары – департаменттің психологиялық қызмет тобы мен медицина мамандары.
ЖРВИ – күнделікті өмірде жиі кездесетін, алайда ескерусіз қалдырған жағдайда асқынуларға алып келетін инфекциялардың бірі. Аурудың кең таралуының негізгі себебі – ауа арқылы тез жұғуы және сақтық шараларының еленбеуі. Осыған байланысты мамандар жеке құрам арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, аурудың алдын алудың тиімді жолдары туралы ақпарат берді.
Медицина қызметкерлері ЖРВИ-дің алғашқы белгілерін дұрыс тану, аурудың дамуын болдырмау және вирустың ұжым ішінде таралмауына жол бермеу үшін қандай сақтық шараларын сақтау қажет екенін егжей-тегжейлі түсіндірді. Атап айтқанда, жеке бас гигиенасын сақтау, қолды сабынмен жиі жуу, жұмыс орындарын, қызмет бөлмелерін күнделікті желдетіп отыру, бетперде тағу, қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтықты сақтау сияқты қарапайым ережелердің маңызы айтылды.
Сонымен қатар, иммундық жүйені нығайту – әрбір қызметкердің жеке денсаулығы үшін ғана емес, жалпы ұжым қауіпсіздігі үшін де аса маңызды фактор екені баса айтылды. Бұл ретте дұрыс тамақтану, спортпен айналысу, таза ауада серуендеу, психологиялық тұрақтылықты сақтау және жеткілікті ұйқы сынды салауатты өмір салты қағидаларына ерекше мән беру қажеттілігі айтылды.
Профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігі – вакцинация мәселесіне де назар аударылды. Мамандардың айтуынша, уақытылы егілген вакцина ағзаны тұмау мен басқа да қауіпті инфекциялардан қорғап, аурудың ауыр түрлерінің алдын алады. Бұл әсіресе қызметі үнемі халықпен тығыз қарым-қатынаста жүретін азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері үшін өте өзекті.
Іс-шара барысында қатысушыларға ақпараттық жадынамалар таратылып, сұрақ-жауап форматында ашық пікір алмасу ұйымдастырылды. Қызметкерлер өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты әрі пайдалы кеңестер алды. Сонымен бірге, психологиялық қызмет мамандары инфекциялық аурулардың адам психикасына әсері және мазасыздық пен күйзелісті қалай еңсеруге болатыны жайында кеңестер берді.
Ұжым ішінде өткізілген бұл шаралар қызметкерлердің денсаулыққа деген жауапкершілігін арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға деген ынтасын оятты. Мұндай профилактикалық кездесулердің жиі өткізіліп тұруы – ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мен аурудың алдын алудың маңызды қадамдарының бірі болып табылады.
Денсаулық – ең басты құндылық. Сол себепті әрбір азамат, әсіресе жауапты қызмет атқаратын мамандар, өз денсаулығына ұқыпты қарап, профилактикалық шараларды сақтауға міндетті. Бұл – тек жеке басының емес, қоғам қауіпсіздігінің де кепілі.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *