• Чт. Окт 2nd, 2025
Популярные метки

ЖАСТАР ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БАҒЫТЫНДА

Автор:admin

Июл 3, 2025

Бүгінгі қоғамда жастарды жұмыспен қамту – мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі. Себебі елдің болашағы – еңбекке қабілетті, білімді әрі іскер жас ұрпақтың қолында. Қазақстанда әр жылдары қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар, соның ішінде «Жастар практикасы» жобасы – бітіруші түлектердің алғашқы еңбек жолын бастауына мүмкіндік беретін тиімді құрал болып отыр.

Бәйдібек ауданында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мемлекет қолдауын сезінген жас мамандардың бірі – Адилова Карима Қанатқызы. Ол 2025 жылы Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетін «Музыка мұғалімін даярлау» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда Бәйдібек аудандық Мәдениет үйінде «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында тәжірибе жинақтап жүр.

Карима өз сөзінде түлектерге мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға кеңес береді:
«Көп жастар оқу бітірген соң жұмыссыз қалып қоямыз ба деп алаңдайды. Бірақ мемлекет беріп отырған түрлі бағдарламалар бар. Соның ішінде «Жастар практикасы» бізге тәжірибе жинауға, мамандығымызды шыңдауға жол ашып отыр. Бұл – тұрақты жұмысқа алғашқы баспалдақ десем болады», – дейді жас маман.

Жастар практикасының пайдасына тоқтала кетейік, «Жастар практикасы» – оқу орнын жаңа бітірген түлектердің мамандығына сай жұмыс табуына көмектесетін мемлекеттік бағдарлама. Оның арқасында жас маман бір жылға дейін тәжірибе жинап, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті бола түседі. Бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттен ай сайын еңбекақы төленеді.

Бәйдібек ауданында жыл сайын ондаған жас осы бағдарлама арқылы түрлі мекемелерде жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайды. Бірі – мектептерде ұстаздық етсе, енді бірі – мәдениет үйлері мен спорт мекемелерінде, мемлекеттік органдарда еңбек етіп жүр. Кейбіреулері тәжірибе мерзімі аяқталған соң сол мекемеде тұрақты жұмысқа қабылдануда.

Мысалы, 2024 жылы аудандағы 70-тен астам жас түлек жастар практикасына қатысып, оның жартысынан көбі тұрақты қызметке орналасқан. Бұл көрсеткіш бағдарламаның нақты нәтижесін көрсетеді.

Мемлекет жастарға тек тәжірибе жинақтау емес, кәсіп ашу мен білімін жетілдіруге де мүмкіндік беріп отыр. «Жастар практикасы», «Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту», «Алғашқы жұмыс орны», «Келешек» ерікті жинақтау жүйесі сияқты бастамалар жас буынның еңбек нарығына сенімді қадам басуына жол ашады.

Бәйдібек ауданында жастар арасында тігіншілік, аспаздық, дәнекерлеу, шаштараз ісі секілді кәсіби бағыттарға сұраныс жоғары. Осыған орай қысқа мерзімді курстар жиі ұйымдастырылады. Кәсіби оқудан өткен жастардың біразы мемлекеттік грант иегері атанып, өз кәсіптерін ашуда.

Аудан көлемінде еңбекке қабілетті жастардың белсенділігі артып келеді. Бұл – болашаққа сенімді қадам. «Еңбек адамы» бейнесін дәріптеу, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру – қоғам дамуының маңызды факторы. Әрбір жас маман өзінің кәсібін меңгеріп, еңбек нарығына кірігу арқылы аудан экономикасына да үлес қосады.

Жұмыспен қамту тек табыс табу ғана емес, ол – тұлғаның қоғам алдындағы жауапкершілігі мен өмірлік тәжірибесінің негізі. Сондықтан да жастарды еңбекке баулу, еңбекқорлықты дәріптеу ісі алдағы уақытта да басты назарда болмақ.

Бәйдібек ауданында жастарды жұмыспен қамту саясаты жүйелі түрде іске асырылып келеді. «Жастар практикасы» сияқты бағдарламалар жас мамандарға алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға, өз қабілеттерін дәлелдеуге мүмкіндік беруде. Адилова Карима Қанатқызы сияқты аудан жастары – осы бағдарламалардың нақты нәтижесінің айқын мысалы.

Жастардың еңбекке араласуы – тек жеке жетістік емес, ол ауданның да, тұтас елдің де дамуына қосылған үлес. Сондықтан «жұмыспен қамту бағыты» алдағы уақытта да жастар үшін ең өзекті әрі маңызды тақырып болып қала береді.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *