• Сб. Сен 27th, 2025
Популярные метки

«ДАНАЛЫҚ КӨПІРІ» ЖАСТАР МЕН ҚОҒАМДЫ ТОҒЫСТЫРДЫ

Автор:admin

Сен 27, 2025

Шымкентте Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Даналық көпірі» атты интерактивті кездесулер өтуде.
Бұл бастаманың негізгі мақсаты – Ақсақалдар кеңесі, мемлекеттік органдар және қоғам арасындағы сындарлы диалогты нығайтып, әлеуметтік мәселелерді шешудің нақты тетіктерін айқындау, жастарды азаматтық белсенділікке тарту және олардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту.
Алғашқы кездесу Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде және Қаратөбе тұрғын алабындағы №96 жалпы орта мектебінде өткізілді. Ал бүгінгі жиын Шымкент қалалық Политехникалық колледжде ұйымдастырылды. Алдағы уақыттағы шара М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі мен «Достық үйінде» жалғасын табады.
Кездесуге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» РММ сарапшылары – Ержан Ибраев пен бас сарапшы Ботакөз Жарқынбекқызы арнайы іс сапармен келді.
Сонымен бірге басқосуға Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, ғалым Иманалы Байдаулетов, ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмұрзаев, Аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
Жиын барысында жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, қоғамдық келісім мен бірлікті сақтау, әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді жолдары кеңінен талқыланды.
– Қоғамның дамуы ең алдымен жас буынның белсенділігіне байланысты. «Даналық көпірі» – үлкендер мен жастар арасындағы алтын көпір. Ақыл мен тәжірибені жастарға жеткізу – біздің басты парызымыз. Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің тірегі. Олардың ойы тың, көзқарасы жаңа. Біз осы кездесулер арқылы жастарды қоғам мәселесіне бейжай қарамай, белсенді ұстаным қалыптастыруға ынталандырамыз. Бүгінгі басқосудың басты мақсаты – жастарға қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтарының мәнін түсіндіру, Қазақстан халқы Ассамблеясының миссиясы мен қызметін таныстыру. Қазіргі таңда әлемде діни сипаттағы және этникалық қақтығыстар орын алып жатыр. Біз жастардың осындай жат ағымдар мен теріс пиғылды көзқарастардан алыс болғанын қалаймыз. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде кейде ұлтқа тіл тигізу, бір-бірін кемсіту сияқты келеңсіз көріністер байқалып жатады. Мұндай әрекеттер қоғамның тұтастығына нұқсан келтіреді. Сондықтан сіздерден татулық пен сыйластықты сақтап, бейбіт өмірді қадірлей білуді сұраймыз, – деді сарапшы Ержан Ибраев.
Жиналғандар пікір алмасып қана қоймай, нақты ұсыныстар әзірлеп, болашақта жүзеге асыру жолдарын да қарастырды. «Даналық көпірі» жобасы қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтуға, жастардың әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама болып отыр.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *