Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында атап өткендей, киберқылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін заманауи, интеллектуалды жүйе құру қажет. Бұл ретте қажеттілігіне қарай тиісті заңнамаға өзгерістер енгізу және құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру міндеті тұр.
Сондай-ақ Президенттің айтуынша, Ұлттық банктің инвестициялық корпорациясы негізінде цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құру маңызды. Аталған құрылым жаңа цифрлық қаржы жүйесінде болашағы зор активтерден тұратын стратегиялық крипторезервті жинақтайтын болады.
Мемлекет басшысы жоғары технологиялық салаларға бір миллиард долларға дейін инвестиция тартуға бағытталған арнайы бағдарламаны әзірлеуді тапсырды. Бұл жұмысты Үкімет Ұлттық банкпен бірлесе атқаруы тиіс.
Сонымен қатар, Екінші деңгейлі банктердің нақты секторға қаржы салуда белсенділік таныту қажеттігі де айтылды. Бұл мәселе қоғамда бұрыннан қызу талқыланып келеді. Сондықтан аталған жұмысты созбай қолға алу маңызды.
Президенттің Жолдауында атап өтілгендей, Қазақстандағы банктердің активтері мен қаражаты дамыған мемлекеттермен салыстырғанда орта есеппен бірнеше есе жоғары пайда әкелуде.
Қазіргі таңда әлемдік экономика мен қаржы жүйесі толық цифрлық форматқа көшіп келеді. Осы орайда Қазақстан да жаһандық үдерістерден шет қалмауға тырысып, өзінің цифрлық активтер мен криптосаладағы саясатын белсенді дамытып отыр. Президент Тоқаевтың Жолдаудағы тапсырмалары осы бағыттағы шешуші кезеңге жол ашып отыр.
Цифрлық теңгенің енгізілуі, блокчейн технологияларын мемлекеттік қаржыландыру жүйесіне қосу, банктердің жаңа буын финтех шешімдеріне көшуі – мұның бәрі Қазақстан экономикасының ашықтығын, қауіпсіздігін және тиімділігін арттыруға бағытталған.
Киберқауіпсіздік те дәл осы қаржылық ашықтық пен сенімділіктің маңызды бөлігіне айналып отыр. Себебі цифрлық экономиканың дамуы – ақпараттық шабуылдар мен алаяқтық схемалардың да күрделене түсуіне әкеледі. Сондықтан Мемлекет басшысы атап өткендей, құқық қорғау органдарының ІТ-біліктілігін арттырып, Big Data, AI (жасанды интеллект), машиналық оқыту секілді технологиялармен жұмыс істейтін арнайы бөлімшелерді құру – заман талабы.
Президент Жолдауында көрсетілген бағыттар Қазақстанның қаржы жүйесін жаңа дәуірге бейімдеу жолындағы нақты жоспарлар болып табылады. Цифрлық теңге, стратегиялық крипторезерв, инвестициялық инновациялық бағдарламалар мен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету – елімізді жаһандық бәсекеге қабілетті етуге бағытталған маңызды қадамдар.
Мемлекеттік және жеке сектор бірлесе отырып, осы бастамаларды тиімді жүзеге асырса, Қазақстан Орталық Азиядағы ең заманауи цифрлық қаржы хабы ретінде орныға алады.
#Жолдау2025 #ҚаржыЖүйесі #ЦифрлықЭкономика #Киберқауіпсіздік #Инвестиция #ҰлттықБанк #Қазақстан
