Кездесуде PepsiCo компаниясының Қазақстандағы инвестициялық жобасын жүзеге асыру барысы қарастырылды.
Әлемге әйгілі бренд Алматы облысында снэктер шығаратын зауыт құрылысына кірісті. Инвестиция көлемі – 368 миллион доллар.
Президент жобаны іске асырудан күтілетін экономикалық пайдаға назар аударды. Компания 900-ге тарта тұрақты жұмыс орнын ашудан бөлек, қытырлаққа арналған картопты жергілікті жерде өсіруге ниетті.
Стивен Кихоның айтуынша, бүгінгі таңда бағдарламаға Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Алматы және Жетісу облыстарынан 15-ке жуық шаруашылық қосылған. Бұдан бөлек, шикізатты сақтау базасын кеңейтіп, картоп өнімділігі мен сапасын арттыру үшін ғылыми тәсілге жүгіну жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев PepsiCo компаниясының орнықты агрошаруашылықты дамыту бастамасына қолдау білдіріп, Үкімет пен жергілікті әкімдік өндірістің уақтылы іске қосылуына барынша жағдай жасайтынын айтты.
PepsiCo компаниясының Қазақстандағы жаңа жобасы – шетелдік тікелей инвестицияларды тарту арқылы агроөнеркәсіп пен өңдеу саласын қатар дамытудың айқын үлгісі. Зауыттың іске қосылуы ел экономикасының өңдеу секторын әртараптандыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыруға зор серпін береді.
Бүгінде снэк өнімдерінің нарығы тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда қарқынды дамып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Алматы облысында салынып жатқан кәсіпорын тек ішкі сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, экспорттық әлеуетті де күшейтеді.
PepsiCo-ның жобасы отандық фермерлер үшін тың нарық пен ұзақмерзімді серіктестік мүмкіндігін ұсынады. Компания ұсынған келісімшарттық модель аясында фермерлер тұрақты өткізу нарығына ие болып, заманауи агротехнологияларды игеруге мүмкіндік алады.
Картоп өнімділігі мен сапасын арттыру бағытында ғылыми-агрономиялық әдістерді қолдану жоспарланған. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығында инновациялық тәсілдер мен білім трансферінің дамуына септігін тигізеді. Мұндай тәжірибе — халықаралық агробрендтермен тиімді әріптестіктің нақты көрінісі.
PepsiCo жаһандық деңгейде тұрақты даму мен экологиялық жауапкершілік қағидаттарын ұстанып келеді. Қазақстандағы зауыт та осы стандарттарға сай салынып жатыр. Компания өндіріс процесінде суды тиімді пайдалануға, қалдықтарды өңдеуге және көміртек ізін азайтуға басымдық беретінін мәлімдеді.
Бұған қоса, жаңа өндірістік нысан маңындағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, кадрларды жергілікті жерден тарту және қызметкерлердің кәсіби дамуына жағдай жасау жоспарланып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Стивен Кихоның кездесуі Қазақстанның инвестициялық ахуалының қолайлы екенін тағы бір дәлелдеді. Әлемдік жетекші компаниялар ел экономикасына сенім артып, өз капиталын сала бастады. Бұл – Үкімет жүргізіп отырған реформалардың нақты нәтижесі.
PepsiCo жобасы іске қосылғаннан кейін Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі өндіріс тізбегі ұлғайып, мыңдаған адам жұмыспен қамтылады. Ең бастысы – бұл жоба еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауылдық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді.
