• Ср. Ноя 12th, 2025
Популярные метки

ШЫМКЕНТТЕ НЕМІС МӘДЕНИЕТІНІҢ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Автор:admin

Сен 20, 2025

Шымкент қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және «Возрождение» неміс мәдени орталығының 35 жылдығына арналған мерекелік фестиваль өтті.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, мерейлі мерекеге жиналған көпшілікке ұлттық және классикалық ән-билер ұсынылды. Қала қонақтары неміс жастары клубының өнерін тамашалап, түрлі жанрдағы шығармаларды тыңдап, этностық мәдениеттің байлығына куә болды.
Фестиваль барысында Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы орынбасары Талғат Бисенбиев, қалалық ҚХА жанындағы шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Рамазан Матаев, сондай-ақ Төле би ауданының Құрметті азаматы, Ленгер қаласындағы немістер қоғамының негізін қалаушы Лидия Мехлик құттықтау сөз сөйлеп, шараның татулық пен достықты дәріптеудегі маңызына тоқталды.
Мереке аясында қонақтарға неміс халқының тұрмыс-тіршілігі мен тарихи-мәдени мұрасын айшықтайтын қолөнер және кітап көрмесі ұсынылды. Сонымен бірге, ұлттық тағамдар әзірленіп, қонақтар дәстүрлі дәмдерден ауыз тиді.
Фестивальде неміс мәдени орталығының қоғам өміріне белсене араласып, этносаралық татулық пен келісімді нығайтуға үлес қосқан азаматтарға Алғыс хаттар табысталды.
Айта кететін, Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Елде 130-дан астам ұлт өкілі бейбіт және татулықта өмір сүріп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан мұндай шаралар этностар арасындағы өзара сыйластық пен мәдениетаралық диалогты тереңдетуге ықпал етеді.
Шымкент қаласында бүгінде 20-дан астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар өз мәдениетін сақтап қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрлерін де дәріптеуге белсенді атсалысуда. Бұл – елдегі бірлік пен келісім саясатының нақты көрінісі.
Неміс мәдени орталығы жыл сайын түрлі іс-шаралар өткізіп, жас буын өкілдерін тарихи тамырларымен таныстырып, неміс тілі мен ұлттық құндылықтарды үйретуге ерекше көңіл бөледі. Фестиваль – осы жұмыстардың нәтижесін халыққа көрсететін алаң.
Мұндай мәдени кездесулер ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайтып, жастардың патриоттық рухын оятады. Сонымен қатар, әрбір этнос өкілінің өз болмысын сақтай отырып, ортақ Отан – Қазақстанға деген құрметі мен сүйіспеншілігін арттыруға сеп болады.
Бұл мерейлі мереке – Қазақстандағы этностардың достығы мен ынтымақтастығының, мәдениеттер тоғысуының айқын айғағы болды.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *