Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау – қоғамның, ата-ананың, педагогтардың және жергілікті билік өкілдерінің басты міндеттерінің бірі. Әсіресе қазіргі таңда, қала өмірінің қарқыны жылдамдап, көпқабатты үйлердің саны артып келе жатқан шақта балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелер бұрынғыдан да өзекті бола түсуде.
Шымкент қаласында да соңғы жылдары балалардың терезеден құлап кету жағдайлары тіркеліп жатыр. Бұл — ата-аналар үшін үлкен ескерту. Ашық қалған терезе – кішкентай бала үшін байқалмайтын, бірақ өте қауіпті жағдай. Бала терезеге сүйеніп, оған мінуге тырысуы мүмкін. Ал москит торы оны ұстап қала алмайды. Мұндай жағдайдың соңы қайғылы оқиғаға алып келуі ықтимал.
Сондықтан Шымкент қаласының әкімдігі, жергілікті полиция департаменті мен білім беру мекемелері бірлесіп, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Қалада арнайы қауіпсіздік айлығы, ата-аналармен жиналыстар, балабақшалар мен мектептерде тақырыптық сабақтар мен тренингтер ұйымдастырылуда. Бұл шаралардың мақсаты – әрбір ата-ананың, әрбір ересектің балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін арттыру.
Үй жағдайында сақталуы тиіс негізгі қауіпсіздік ережелері мыналар:
— Терезелерге арнайы құлып орнату. Бұл баланың терезені өздігінен аша алмауын қамтамасыз етеді.
— Москит торына сенбеу. Ол тек жәндіктерден қорғайды, бірақ баланың салмағын көтере алмайды.
— Терезе алдындағы жиһаздарды алшақ қою. Балалар жиі орындық, үстел сияқты заттарға шығып терезеге жақындауы мүмкін.
— Үнемі бақылауда ұстау. Бала үйде жалғыз қалмауы тиіс, әсіресе 5 жасқа дейінгі кішкентайлар.
— Балаларға қауіп туралы айту. Қауіпсіздік мәдениетін бала кезден қалыптастыру қажет.
Шымкент қаласының медицина мекемелерінің деректері бойынша, биылдың өзінде терезеден құлау салдарынан түрлі жарақат алған балалар тіркелген. Бұл жағдайлар ата-аналар тарапынан жеткілікті түрде бақылау болмағанын көрсетеді. Осындай қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін қауіпсіздікке қатысты қарапайым, бірақ маңызды ережелерді сақтау аса қажет.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының тұрғын үйлерінде тұрғындармен жұмыс жүргізетін ПИК-тер мен тұрғын үй кооперативтеріне де үлкен жауапкершілік жүктеледі. Олар өз тарапынан қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша тұрғындармен жиі кездесу өткізіп, ақпараттық материалдар таратуды қолға алған.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті де ата-аналарға үндеу жолдап, әлеуметтік желілерде ескерту роликтері мен жадынамалар таратып жатыр. Әрбір азамат өзінің үйінде ғана емес, жалпы қоғамда балаларға қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алуға атсалысуы қажет.
Балалар – еліміздің болашағы, ал оларды қорғау – қазіргі ұрпақтың басты парызы. Күнделікті тұрмыста, үй жағдайында қауіпсіздік ережелерін сақтау – аса күрделі емес, бірақ нәтижесі өмірді сақтап қалуы мүмкін. Сол себепті, әрбір ата-ана мен ересек адам мұндай мәселеге салғырт қарамай, жанұясындағы және қоршаған ортадағы қауіпсіздікке жіті назар аударуы тиіс.
#БалаларҚауіпсіздігі #АшықТерезеҚауіпті #Шымкент #ҚауіпсізОртаныҚалыптастырайық #БалаларБолашағымыз #ТЖДШымкент #АтаАнаЖауапкершілігі