• Ср. Сен 17th, 2025
Популярные метки

«30 жыл – 30 игі іс»: Шымкент қаласы ТЖД қызметкерлері мерейтойды қоғамға пайдалы істермен атап өтеді

Автор:admin

Сен 8, 2025

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай республика көлемінде «30 жыл – 30 игі іс» атты кең ауқымды қайырымдылық және әлеуметтік акциясы бастау алған болатын. Бұл бастама – министрліктің мерейтойын тек мерекелік іс-шаралармен ғана емес, халыққа пайдасы тиетін нақты істермен есте қалдыруды көздейтін игі жоба.

Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ұжымы аталған акцияға белсене қатысып, қоғамға бағытталған бірқатар әлеуметтік, экологиялық және қайырымдылық шараларын жүзеге асыруда. Қызметкерлер қала аумағында сенбілік ұйымдастырып, көшелер мен аулаларды, қоғамдық орындар мен саябақтарды қоқыстан тазартты. Сонымен қатар ағаштарды әктеу, жас көшеттер отырғызу, абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, қаланың тазалығы мен көркін арттыруға үлес қосты.

Бұл жұмыстардың басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қала тұрғындарын табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақыру. Департамент қызметкерлерінің айтуынша, мерейтойды тек салтанатты жиындармен атап өтпей, елге пайдасы тиетін нақты істер атқару – кәсіби борыш пен азаматтық жауапкершіліктің белгісі.

Шымкент қаласы ТЖД ұжымы акция аясында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға да қолдау көрсетуде. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылардың үйлеріне барып, мұржаларын тазалап, тұрмыстық қауіпсіздікке қажетті түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кейбір үйлерге газдан уланудың алдын алу мақсатында арнайы датчиктер орнатылды. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған нақты қадамдардың бірі.

Сонымен бірге, қала аумағындағы су айдындарының маңында рейдтік шаралар өткізіліп, демалушыларға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Құтқарушылар жүзден астам азаматқа суға түсу кезіндегі тәртіп пен алғашқы көмек көрсету жөнінде кеңес беріп, ақпараттық парақшалар таратты. Мұндай алдын алу шаралары жазатайым оқиғалардың алдын алуға септігін тигізеді.

Акция аясында Шымкент қаласы ТЖД қызметкерлері жастармен де кездесулер ұйымдастырып, өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер, сейсмикалық қауіптер туралы дәрістер өткізді. Бұл бастама өскелең ұрпақтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын дамытуға бағытталған.

«30 жыл – 30 игі іс» акциясы – тек қайырымдылық пен тазалық шаралары ғана емес, сонымен бірге қоғамның бірлігі мен өзара қолдауын нығайтатын маңызды бастама. Шымкент қаласы ТЖД ұжымы бұл мерейтойды халыққа қызмет етудің жаңа қырынан көрсетіп, қала өмірінде жағымды із қалдыруды мақсат етеді.

Алдағы уақытта да департамент қызметкерлері акция аясында түрлі шараларды жалғастырып, қоғам игілігі үшін жұмыс істей бермек. Бұл – азаматтық борышты атқарумен қатар, әрбір қазақстандыққа ортақ қауіпсіздікті нығайтуға қосылған үлес болмақ.

 

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *