Бүгінгі таңда Шымкент қаласы еліміздің ең ірі жастар орталықтарының біріне айналып отыр. 14 пен 35 жас аралығындағы 387 831 жас – бұл қаланың жалпы халқының 30,3 пайызы. Жастар көп шоғырланған қалада білім беру мен әлеуметтік инфрақұрылым мәселесі өзекті.
Қалада 9 жоғары оқу орны жұмыс істейді, оның ішінде 2 оқу орны коммерциялық емес акционерлік қоғам ретінде қызмет атқаруда. 2025-2026 оқу жылында Шымкенттегі ЖОО-ларда 78 503 студент білім алуда. Тек соңғы оқу жылын 25 680 студент аяқтаған.
Жоғары білім алу ғана емес, әлеуметтік жағдайды жақсарту да оқу орындарының басты назарында. Бұл бағытта ең маңызды инфрақұрылымдардың бірі – студенттік жатақханалар.
Қазіргі таңда қалада 36 жатақхана жұмыс істейді. Оның 5-і мемлекеттік, ал 31-і жекеменшік. Жалпы сыйымдылығы – 11 684 орын. Ең көп жатақхана М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде – 13 (оның 3-еуі мемлекеттік). Одан кейін Ө. Жәнібеков атындағы педагогикалық университетте – 8 жатақхана бар.
2025-2026 оқу жылының басында жатақханаға өтініш берген студенттер саны – 2 149. Олардың ішінен 1 734 студент жатақханамен қамтылып, 415 өтініш қаралу үстінде. Қабылдау жұмыстары әлі де жалғасуда.
Қаладағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында да жатақхана мәселесі күн тәртібінде. Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметіне сүйенсек, 28 колледждің жатақханаларының жобалық қуаттылығы – 5 806 орын. Оның ішінде 9 жатақхана мемлекеттік колледждерге (1 390 орын), ал 19 жатақхана жекеменшік колледждерге (4 416 орын) тиесілі.
Бүгінде 2 654 студент жатақханаға орналастырылған. Олардың 82 пайызы – басқа өңірлерден келген жастар. Яғни, жатақханалар бірінші кезекте өзге облыстан келген студенттерге қажет.
Атап айтқанда, 2024-2025 оқу жылында мемлекеттік 11 колледжде 16 957 студент білім алуда (өткен жылмен салыстырғанда 11% өсім). Ал 28 жеке меншік колледжде 32 823 студент оқып жатыр (2,5% төмендеу байқалады).
Оқу мерзімінің ұзартылуы мен жатақхана тапшылығына байланысты «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» жанынан 300 орындық жатақхана салу қолға алынды. Қазір құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бұған дейін бұл мекемедегі 200 орындық жатақханада 335 бала (оның 48-і колледж студенті) тұрып келген.
Жалпы алғанда, колледж жатақханаларында демалыс, оқу, ас дайындау және медициналық бөлмелер қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Барлық жатақхана бейнебақылау жүйесімен қамтылған.
Кейбір жатақханаларда күрделі жөндеу жүргізілген:
• Жол көлік колледжі (2020)
• Политехникалық колледж (2014)
• Ә. Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі (2023)
• Шымкент аграрлық-техникалық колледжі (2024)
Ал Саз колледжіне жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін сұраныс берілген, «Сайрам» кешенінде жаңа жатақхана құрылысы басталды.
2024-2025 оқу жылында жергілікті бюджеттен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 30,9 млрд теңге қарастырылған. Осы қаржы аясында мемлекеттік тапсырыспен 11 390 студент оқуға қабылданды. Оның 75,2%-ы Шымкент қаласының тұрғындары болса, қалған 24,8%-ы өзге өңірлерден келген.
Айта кету керек, қала тұрғындарына жатақхана қажеттілігі жоқ. Дегенмен, білім беру қызметін лицензиялау талаптары мен мемлекеттік тапсырысты орналастыру ережелері бойынша жатақханамен қамту – міндетті шарт.
Шымкент қаласы студенттер үшін тек білім емес, қолайлы өмір сүру ортасын да қалыптастыруға күш салып келеді. Жатақхана инфрақұрылымын жетілдіру арқылы қала жастардың ірі орталығы ретіндегі рөлін нығайта түсуде.