Шымкент қаласының әкімдігі жоғары білім алуға арналған қосымша гранттар байқауын жариялады. Бұл бастама – биылғы жылы жоғары оқу орнына түсе алмай қалған талапкерлер үшін үлкен мүмкіндік.
Қала әкімінің 2025 жылғы 14 шілдедегі №39-ө өкімімен арнайы комиссия құрылып, 15 шілде күні бакалавриаттың 25 білім беру бағдарламасы бойынша 285 білім гранты бөлінген болатын. Алайда, 14-20 тамыз аралығында өткізілген негізгі конкурс нәтижесінде 207 талапкер ғана грант иегері атанып, 78 орын бос қалған.
Бұл бос гранттарға Шымкент қаласының мектеп түлектерінен өтінім түспеген. Осыған байланысты әкімдік аталмыш орындарды еліміздің басқа өңірлерінен келген талапкерлер арасында конкурс арқылы тағайындау туралы шешім қабылдады. Басты шарт – грант иегерлері оқуын аяқтағаннан кейін Шымкент қаласында кемінде үш жыл жұмыс істеуге келісуі тиіс.
Қосымша конкурс 27-28 тамыз күндері өткізіледі. Осы күндері кез келген өңірдің талапкерлері арнайы анықталған жоғары оқу орындарына барып, құжаттарын тапсыра алады.
Қосымша конкурс аясында гранттар келесі алты жоғары оқу орнына бөлінген:
1. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті – 40 орын
2. Ө. Жәнібеков атындағы педагогикалық университет – 20 орын
3. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы – 8 орын
4. Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті – 10 орын
Грантқа үміткер болу үшін талапкерлер тиісті ЖОО-ға барып келесі құжаттарды тапсырады:
• Еркін түрде жазылған өтініш
• Білім туралы құжат (түпнұсқа)
• Жеке куәлік көшірмесі
• 3х4 көлеміндегі 6 фотосурет
• 075-У нысанындағы медициналық анықтама
• ҰБТ сертификаты
• Ведомостан үзінді (бар болса)
• Электрондық грант куәлігі (бар болса)
• Артықшылық беретін құжаттар (бар болса)
ЖОО қабылдаған құжаттарды қалалық білім басқармасына жолдайды. Комиссия шешімімен конкурс нәтижелері анықталып, білім басқармасының ресми сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланады. Грант иегерлеріне арнайы сертификат табысталып, университет ректорының бұйрығымен студент ретінде қабылданады.
Конкурс ҰБТ балдарына негізделеді. Егер бірнеше үміткердің балы тең болса, басымдық келесі санаттарға беріледі:
• «Алтын белгі» иегерлері
• Патриоттық белсенділігімен көзге түскендер
• Бір жылдан астам жұмыс өтілі бар колледж түлектері
• Республикалық/халықаралық олимпиадалар, байқаулар жеңімпаздары
• Жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар және басқа да әлеуметтік осал топтар өкілдері
Бұдан бөлек, жекелеген санаттағы азаматтар үшін қабылдау квотасы қарастырылған (ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы №357 бұйрығы негізінде).
Шымкент қаласының әкімдігі елдің болашағына инвестиция салып отыр. Жоғары білім алуға ниетті, бірақ мемлекеттік грантқа іліге алмаған талапкерлер үшін бұл – ерекше мүмкіндік. Ең бастысы – білім алып қана қоймай, үш жыл бойы Шымкенттің дамуына үлес қосу.
Толығырақ: https://www.youtube.com/live/wvYz091H3rQ?si=SXDLBLecJtDza21J
